Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Астаналық компания шетелге шығу үшін миллионнан аса қаржы құйған 60-қа жуық адамды алдап кеткен

Фото: Видеодан скрин

Елордалық компания саяхат жасағысы келген 55 адамды алдап кеткен. Виза алып, шетелге шыққысы келіп, миллиондаған қаржы құйғандар ақшасын қайтаруды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Олар виза орталығына барып, қомақты ақша төледік дейді. Дегенмен әлі күнге дейін шетелге кіруге рұқсат алмапты. Енді компания ақшаны қайтарып берсін деп отыр. 

"Біз жарты миллионға келістік. Олар: "Құжатты бір аптада жасаймыз" дейді. Бірақ одан бері жауап жоқ. Бір уақытта тағы ақша сұрады, жалпы сома 1 миллион 560 мың теңге болды. Бір адамға жұмыс визасының құны осылай шықты. Нәтижесінде олардың мені алдағанын білдім. Мәліметтер базасында виза да жоқ екен. Соңында маған бар болғаны 280 мың теңге берді", – дейді Раушан есімді қазақстандық. 

Алданған тағы бір қазақстандық компанияның көбірек ақша сұрағанын айтты. 



"Олар қызмет үшін 140 мың теңге алды. Екі адамға 280 мың теңге төледім. Бірақ олар көбірек ақша төлеңіз, елшілікке ақшаңыз көп екенін көрсетуіміз керек деп айтты. Мен, шотымда ақша бар, соны бақылайды, деп айттым. Алайда олар, болмайды, біз өзіміз көрсетеміз деді. Сосын оларға миллион теңге аудардым", –дейді Батырбек. 

Ал Райгүл есімді қазақстандық адвокаттарға жүгінгенін айтты. 

"Адвокаттар Есіл аудандық полициясына хабарласты. Сөйтсек бұл істе 60 адам зардап шегуші ретінде шағым түсірген екен. Келтірілген шығын көлемі 200 миллион теңгеден асады", – дейді Райгүл. 

Қазір бір топ заңгер астаналықтарға құқықтарын қорғауға көмектесіп жатыр. 

"Бұл іс толық зерттелмеген деп есептеймін. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілмеген. Уәкілетті органдардан дәлелдемелер талап етілмеген. Бұлар тиісті түрде жүргізілуі керек еді", – деді заңгер Вероника Ким. 

Бұл іспен Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасы айналысып жатыр екен. Олардың мәліметінше, бұл іс бойынша әзірге күдіктілер жоқ.

"Астана қалалық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты 190-бап (Аса ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазір 55 азамат зардап шеккен деп танылды. Келтірілген шығын көлеміне келсек, тергеу оның толық көлемін әлі анықтаған жоқ", – делінген хабарламада.

Ал компанияның атқарушы директоры барлық ақшаны 30 сәуірге дейін қайтаратынын мәлімдеді. Алайда, халық бұған дейін де осындай жазбаша уәделер алғанын айтып, сенбей отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ер адам 180 қазақстандықты Меккеге қажылыққа апарамын деп алдап кеткені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 10:32
Талқылау