Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық әйел көзіне ота жасалған соң қайтыс болды: Үш баласы қалды

Фото: Видеодан скрин

Астанада үш баланың анасы көзіне жасалған отадан соң қайтыс болды. Марқұмның отбасы қайғылы жағдайдың мән-жайы әлі ашылмағандықтан, дәрігерлердің салғырттығынан болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қайғылы жағдай 2025 жылы 31 қазан күні болған. Аида Оспанова Астанадағы көз ауруларын емдейтін жеке клиникада жарты сағатқа созылатын ота жасатқан. Бірақ отаға бір сағат қалғанда қосымша катаракта барын айтқан дәрігерлер, оны да алу туралы шешім қабылдапты. Содан кейін балаларына анасы туралы суық хабар жеткен. 

“Сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен толық келісе алмаймыз. Себебі ол жерде жүректің жедел тамырлық жеткіліксіздігі делінген. Ол кісіде бұған дейін жүрекке шағымы болмаған. Қолымызда ол кісінің тапсырған анализдері бар”, – дейді Аиданың қызы Ақерке Әкімханова.

Отадан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Жедел жәрдем шақырылып, науқас басқа ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Марқұмның қыздары аналарының өліміне мейіргерлердің салғырттығы себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді. Өйткені олардың қолында отаға дейін тапсырылған таза анализдер бар. Ал құжаттардағы өлім уақытының әртүрлі көрсетілуі туыстардың күдігін күшейтіп отыр.

“Қағаздың өзінде бізде биологиялық өлім, яғни сағат 16:18-де жазылып тұр. Бірақ біз 17:11 неге хабарласқанда клиникалық өлім деп айтқан? Неге бізде қағазда екі түрлі уақыт жазылған? Біреуінде 16:48, енді бірінде 16:18 деп жазады. Егер де бұл дәрігерердің кінәсі болса, онда біз дәрігерлерің тиісті жазасын алғанын қалаймыз”, – дейді марқұмның қызы Әмина Әкімханова.

Ал жекеменшік клиника өкілдері операция жоспар бойынша жасалғанын айтады. Олардың сөзінше, хирургиялық кезең қалыпты өткен және клиника өкілдері бұл жағдайға байланысты барлық медициналық құжаттар мен мәліметтер құқық қорғау органдарына тапсырылғанын хабарлады.

“Операция асқынусыз өтті. Алайда отадан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлады. Жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Науқас теміржол ауруханасына жеткізілді. Өлім себебін біз анықтай алмаймыз. Қайтыс болу фактісі біздің медициналық ұйым аумағында тіркелген жоқ”, – дейді жекеменшік клиниканың директоры Ақмарал Ағалеуова.

Адам өлімінен кейін емханада ешқандай тексеру жұмыстары жүргізілмеген. Ал марқұмның туыстары тергеу тоқтап қала ма деп алаңдайды. Олар үшін ең маңыздысы – жақын адамдарының неден қайтыс болғанын білу. Ең өкініштісі марқұмның артында үш баласы, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін 3 жасар бүлдіршіні қалды.

Айым Болатқызы
Сенбі, 21 Ақпан, 2026 13:53