"Мастурбация жасаған": Астаналық 19 жастағы бойжеткен такси жүргізушісінің тарапынан сексуалдық қысым көрді
Фото: astana_typical
Астанада 19 жастағы бойжеткен InDriver қосымшасы арқылы шақырылған такси жүргізушісінің сексуалдық сипаттағы әдепсіз әрекеттерінің құрбаны болды. Қыз анасымен бірге қаладағы сауда ойын-сауық орталығына бару үшін көлікке отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыздың айтуынша, бастапқыда бәрі дұрыс болған. Жүргізуші тапсырыс алғанда хабарласып, қыздан одан бөлек кім бар екенін сұраған. Ер адам 10-12 минутта келіп, бойжеткен анасының жанында артқы орындыққа жайғасқан. Алайда жол бойы жүргізушінің көлік айдай жүріп, артқы айналар арқылы үнемі қызға көз тастағаны жолаушыны алаңдатқан.
"Бір сәтте жүргізушінің маған таңғаларлық, мазасыздандыратын көзқараспен қарап отырғанын байқай бастадым. Алғашында мән бермей, "жай ғана қарап отырған шығар" деп ойладым. Бірақ кейінірек оның қолымен бірдеңе істеп жатқанын байқадым. "Бәлкім, денесі қышып кеткен шығар" деп ойладым. Алайда бірнеше минуттан соң анық көрдім, ол мaстурбация жасап отыр екен, бәрі анық көрініп тұрды", – деп жазды Аружан желідегі парақшасында.
Ер адам оған артқы айнаның көмегімен тік қарап, қайта-қайта бұрылып, көз тастап отырған.
"Қатты қорқып кеттім, абдырап, қатып қалдым. Мен ешнәрсе байқамағандай түр көрсетуге тырыстым, оны арандатпау үшін. Біз "Мега" маңындағы онша адам жүрмейтін жолда келе жатыр едік, ал менің басыма қорқынышты ойлар келе бастады. Егер ол бізді басқа жаққа алып кетсе ше, бірнәрсе жасаса ше?.. Анама қарадым, ол ештеңе байқамаған екен. Жүргізуші болса әлі де артқы айна арқылы маған қарап, өзінің жыныс мүшесін міндетті түрде көруім керек сияқты ишара беріп отырғандай болды", – деп жазды ару.
Жол бойында бір бағдаршамда көрші көліктің жүргізушісі жолаушы есігінің ашық тұрғанын ескерткен. Сол сәтте InDriver жүргізушісі өзінің әрекетін тоқтатпастан, есікті жабуға ұмтылып, бойжеткеннің аяғына тиген. Қыз жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін түсініп, дәлел жинау мақсатында оқиғаны жасырын түрде видеоға түсіріп үлгерген.
"Біз "Мегаға" жақындап қалдық. Мен ештеңе болмағандай түр жасап, сабырмен "Kaspi нөміріңізді айтыңызшы, аударым жасайын" дедім. Ол нөмірін айтты, мен ақша аудардым. Көлік тоқтаған сәтте мен бірден атып шығып, анамның қолынан ұстап, фудкортқа қарай жүгірдік. Ішке кірген соң, өзімді ұстауға шамам келмей, жылап жібердім. Анама болған жағдайдың бәрін айтып бердім. Ол мені жұбатты да "Бұл жағдай бойынша міндетті түрде арыз жазу керек. Сен өзіңе де, денсаулығыңа да зиян келтіріп жатырсың. Ертең сондай еркектер бірдеңе жасаса, қайта жылайсың" деді”, – деді Аружан.
Оқиғадан кейін бойжеткен жылап отырып 102 нөміріне қоңырау шалған. Шок күйінде болғандықтан, нақты сөйлеу қиынға соққан. Кезекші қызметкер телефонын анасына беруін сұраған. Ол түсіріп үлгерген видеоны полицияға жолдап, көп ұзамай келген патрульдік топқа көрсеткен. Полицейлердің бірі қысқа жолақ шалбар жайлы орынсыз пікір айтқан, бұл жәбірленушіге өзін кінәлі сезіндірген.
Анасы мен қызы аудандық бөлімшеде арыз жазып, болған жайтты толық баяндаған. Сол жерде күдікті де болған. Анасы оны көріп, ашуға бой алдырып, боқтап жіберген.
Кейін жүргізуші ұсталып, оның жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтіні, отбасылы, бірнеше баласы бар екені анықталды. 29 шілде күні өткен сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, отбасылық жағдайын алға тартып, соттан кешірім сұрады.
"Мен бұл арызды кек алу үшін берген жоқпын. Егер бұл оқиға мен емес, 15 жастағы, өзін қорғай алмайтын қыздың басынан өтсе ше?" – деді жәбірленуші.
Қазір іс сот қарауында. Қыз әділ шешім шығатынына сенеді және осындай жағдайға тап болған адамдарды үнсіз қалмауға, құқықтарын қорғауға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін 2023 жылы жазда Германиялық саяхатшы Валерия Түркістан облысына саяхаттап келген. Арыстан баб кесенесі маңына шатыр тігіп түнеген кезде, өзін жергілікті тұрғын ретінде таныстырған ер адамның азғындық әрекетіне тап болған. Алғашында ер адам әйелімен бірге келіп, Валериямен Google аудармашы арқылы сөйлескен, суреттерін қарап, WhatsApp нөмірін алған. Кейін түн ортасында әйелінсіз қайта оралып, шатырға кірмек болып, қызға қол жүгіртпек болған. Валерия оны қуып шыққан. Ол бұл оқиғаны YouTube арнасында баяндап, бұл жағдайдан сабақ алғанын, алайда саяхаттаудан бас тартпайтынын айтты. Қазақстандықтар бұл оқиға үшін кешірім сұрап, қызға қолдау білдірді.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта Қазақмыс қызметкері 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
