Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанаға көлікпен кіруге тыйым салына ма: Қала әкімі жауап берді

Фото: istockphoto.com

Астанада көлік жүктемесін азайту және экологиялық жағдайды жақсарту шаралары қарастырылуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазір қаланың аудандарына көліктердің кіруіне толық тыйым салу мәселесі қарастырылып отырған жоқ.

"Қалаға көліктердің кіруіне тыйым салу, қиын болады және мұндай жоспарымыз жоқ", – деді әкім.

Жеңіс Қасымбек елордаға кіреберістерде шамамен онға жуық көлік ауыстырып міну станциясын салу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл нысандар Астана тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық немесе қалалық көлікке ауысуға ынталандыруы тиіс.

"Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде – Бейжіңде, Нью-Йоркте және басқа да ірі қалаларда қолданылады. Арнайы ауысып отыру тораптары жасалады, онда адам көлігін қалдырып, әрі қарай қоғамдық көлікпен жолын жалғастырады", – деп түсіндірді Қасымбек.


Сондай-ақ қала әкімі кейбір учаскелерде жеке автокөлікпен қала орталығына барудан бас тартуға қосымша ынталандыру ретінде ақылы аймақтар енгізілуі мүмкін екенін де атап өтті.

"Автокөлік қалаға кіргенде өзінің тұрағы орны болмаса, ал ақылы тұрақ бағасы қымбат болса, көп жағдайда көлікті қала кіреберісінде қалдырып, LRT немесе қоғамдық көліктің басқа түрімен жету тиімдірек болады", – дейді Жеңіс Қасымбек.

Қала әкімінің айтуынша, Астана көлік қозғалысын шектеудің өзіндік үлгісін ойлап таппай, керісінше, халықаралық деңгейде тиімділігі дәлелденген дайын шешімдерге сүйенетін болады.

"Бүкіл әлем осылай жұмыс істейді. Біз жаңадан бірдеңе ойлап таппаймыз, тиімділігі дәлелденген тәсілдерді қолданамыз", – деді Астана әкімі.

Еске салсақ, Астанадағы барлық дерлік паркингтер тегін болатыны туралы жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 22 Желтоқсан, 2025 21:39