Астанадағы супермаркетте ет шоқыған торғайлар желі қолданушыларын шошытты (видео)

Астанадағы супермаркеттердің бірінде шикі ет тұрған витринаға торғайлардың кіріп, өнімді шоқып жүргені түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып, тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанадағы супермаркеттердің бірінде санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Оқиға елордадағы Тұран даңғылы, 65 мекенжайында орналасқан, болжам бойынша, Small сауда желісінің дүкенінде түсірілген.
Кадрлардан тоңазытқыш витринасының ішінде торғайлардың еркін кіріп-шығып, сатылымға қойылған шикі етті шоқып жүргенін көруге болады. Видео авторының айтуынша, түсірілім кезінде дүкен қызметкерлері бұл жағдайға ешқандай әрекет етпеген.
Желі қолданушылары бұл көрініс адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, дүкендегі санитарлық бақылаудың әлсіздігін сынға алған.
Айта кетейік, қолданыстағы санитарлық талаптарға сәйкес, сауда орындарында ашық азық-түлік өнімдеріне жануарлар мен құстардың жақындауына қатаң тыйым салынады.
Аталған жағдайға қатысты Small сауда желісі мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда көпқабатты үйдің маңында газ құбырына байланған түйеге қатысты оқиға қоғамда резонанс тудырды. Тексеру барысында жануардың иесі анықталып, оған ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.