Астанадағы су мәселесін шешуге 73 миллиард теңге жұмсалмақ
Фото: freepik.com
Осыдан екі жыл бұрын, 2023 жылы астаналықтар ауыз су тапшылығы мәселесіне тап болған еді. Мәжілісте өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов “Алдағы уақытта бұл жағдай қайталануы мүмкін бе?” деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Павел Казанцев 2023 жылы астаналықтар су мәселесіне тап болғанын еске салып өтті.
"Тұрғын үй құрылысының қарқынын ескерсек, мәселе қиындай түседі. Бұған қоса елорданы сумен қамтамасыз етудің резервтік көзі әзірге жоқ екені белгілі. Осы мәселені, яғни елорданы сумен қамту мәселесі қалай шешілмек?" - деп сұрады ол.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов сол кезде су тапшылығын азайту мақсатында №3 сүзгі-сорғы станциясы іске қосылғанын атап өтті.
"Тәуліктік су тұтыну көлемі бүгінде 350 мың текше метр болса, үш сүзгі стансасының қуаты 410 мыңға тең. Яғни, дамуды ескерсек, бүгінде тапшылық жоқ", – деді ол.
Ол алдағы уақытта тағы бірнеше жоба әзірленіп жатқанын айтты.
"Бірінші жоба – №4 сорғы-сүзгі стансасының құрылысы және Сәтбаев суағарының құрылысы. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл тұрғындарды тәулігіне 200 мың текше метр ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екінші жоба – Нұра жерасты су кен орнынан суағар тарту. Бұл қосымша су ағынын қамтамасыз етеді деп болжанып отыр – шамамен тәулігіне 38 мың текше метр. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын", - деді вице-министр.
Жобаның сметалық құны шамамен 56 миллиард теңгеге тең.
"Қазіргі уақытта әзірленіп жатқан үшінші жоба – “Тельман” сорғы станциясынан техникалық су құбырын тарту. Жоба құны – 17,6 млрд теңге. Биыл жергiлiктi бюджеттiк шамамен 3,2 млрд теңге бөлінді. Мұның бәрі елордамыздың қарқынды дамып жатқанын ескере отырып, тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді – су тапшылығы болмайды", - деп түйіндеді сөзін Қажкенов.
Еске салсақ, бүгін, 12 мамырда өткен үкімет сағатында су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде 2,7 миллиард долларға 17 су қоймасы салынатынын мәлімдеген еді. Ислам даму банкінің Директорлар кеңесі несие және грант бөлу туралы шешім қабылдаған. Жоба екі кезеңмен іске асырылмақ.

Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жіберген: Көпшілік ресторанға бойкот жариялады
