"Бұндай анализдермен бәрін тоқтату керек еді": Астанадағы стоматологияда қаза тапқан үш жасар қыздың өліміне қатысты анестезиолог қателіктері айтылды

Видеодан скриншот
Астанада тіс емдету кезінде көз жұмған 3,5 жастағы Зере Есентайдың өліміне қатысты сот отырысында бірнеше сарапшы куәлік берді. Олардың бірі баланың жүрегі тоқтап қалған кездегі анестезиологтың қателіктерін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сарапшы Олег Разумов өзінің куәлігі кезінде анестезиологтың жіберген қателіктерін егжей-тегжейлі айтып берді.
"Видеоны көрген сайын жүрегім ауырады және жылағым келеді. Тіс дәрігерінің кабинетінде сап-сау қыз қаза болды, мен сол видеоны екі қайтара көруім керек болды. Наркоздан кейін монитор да, аппарат та дыбыс шығарды. Бұл дабылдар басынан бастап болды. Сіз екі сигналды өшірдіңіз. Сіз науқасқа жақындап, санацияны бастадыңыз. Және жұмыстың жалғасуына мүмкіндік бердіңіз. Содан кейін музыка қостыңыз, ал музыка бәрін басып тастады.
Стандарттарға сәйкес, дабылдарды өшіруге болмайды. Аппарат мәселені көрсетеді – сіз оны шешуіңіз керек, ал оны өшіру шара қолданбаумен тең. Медицинаның қағидасы – зиян келтірмеу. Ал сіз дабыл қосылған сайын оны өшіресіз”, –деді сарапшы Олег Разумов.
Сарапшы тіс дәрігері емді аяқтағаннан кейін "Севоран" анестезиясын енгізу тағы 15 минутқа созылғанын атап өтті. Бала емнен кейін оянды, бірақ анестезиолог тағы дәрі берді.
"Тіс дәрігері кеткең соң науқасты ояту керек. Дәл осы кезде дәрігер қолға ала алмаған жайттар болды. Бала жөтеліп, қозғала бастады. Осы кезде дәрігер назар аударды.
Сағат 13:57-де қан қысымы өлшенбеді, менің ойымша, бұл қателік болды. Тіс дәрігері кеткен кезде процедурадан кейін бірден тонометрді алып тастады. Жүрек мониторингі болған жоқ, қан қысымы да тексерілмеді, ол түсіп кетуі мүмкін еді. Кейінірек анестезия ағыны артты. Содан кейін асистолия болып, содан кейін адреналин енгізілді. Ал севоран 15-минутқа дейін қолданылып тұрды", – деді сарапшы.
Баланың қанынан қосымша дәрі-дәрмектер табылды.
Ол анестезиолог құжаттамада көрсетілмеген бірнеше дәрі бергенін қосты. Ал видеода 12-15 жасқа дейінгі балаларға берілмеуі керек "Кетопрофенді", сондай-ақ "Супрастин" мен кальций хлоридін қосқаны байқалған.
"Бейнежазбада бәрі көрсетілген. Анестезиолог ояну басында "Супрастин беріңіз, кальций беріңіз" дейді. Балада севоран анестезиясына байланысты гипотензия болды. Оның үстіне антигистаминдік дәрі, кальций және севоран қосылса, брадикардияны тудырады. Салдарынан бала шок алады, қан қысымы төмендейді”, – деді Разумов.
Сөзінше, кальций хлоридінің балаларда брадикардияны тудыратыны, ал кішкентай балаларда жүрек тоқтауына әкелетіні нұсқаулықта көрсетілген.
“Супрастинді тез енгізу жүргізіліп жатқан седацияның үстіне кенеттен седация, яғни брадикардияға, содан кейін тыныс алудың тоқтауына әкеледі. Қанда кетопрофен анықталды. Оны 12-15 жасқа дейінгі балаларға қолданбайды", – деді маман.
Сондай-ақ тәуелсіз педиатр-эксперт Бақыт Мусина сөз алып, егжей-тегжейлі қорытындысын ұсынды және мұндай анализдер мен баланың жағдайында жоспарлы наркоз жасауға болмайтынын айтты.
Эксперттің айтуынша, қыз клиникаға қатты әлсіреген күйде келген: анемия, дене салмағының жеткіліксіздігі және бактериалдық инфекция белгілері болған. Анализдер бронхтардағы айқын қабыну процесін, тіпті іріңді бронхит болуы мүмкін екенін көрсеткен.
Ол жоспарлы процедураның алдында анестезиолог бір тәулік бұрын баланы мүлдем тексермегенін, ал анализдерде ауыр ауытқулар болса да, ауызша "норма" деп қабылданғанын атап өтті.
"Мен анализді қараған кезде тромбоциттер – 600 екенін көрдім, яғни нормадағы көрсеткіштен 200% жоғары. Бұл бір аптадан астам уақыт бойы жалғасқан септикалық процесті білдіреді", – деді Мусина.
Эксперттің айтуынша, балада жақында өткерген вирустық инфекцияның белгілері сақталған, ылғалды жөтел болған, созылмалы темір тапшылығы анықталған, сондай-ақ қатты әлсіреудің салдарынан тістердің бұзылуы байланысты ауырсыну байқалған.
Оның сөзінше, мұндай жағдайда жоспарлы араласуды тоқтатып, қажет болғанда тек шұғыл форматта қатты ауырсыну тудырған тістерге ғана көмек көрсету керек болған.
"Процедура болатын күні таңертең бәрін тоқтату қажет еді. Бұл тек ұсыныс емес, міндетті түрде тоқтатылуы тиіс нәрсе", – деп нақтылады эксперт.
Мусина сондай-ақ стоматолог көктемде-ақ баланы анализдер мен аллергикалық сынамалар тапсыруға жібергенін, алайда келесі бес ай ішінде ата-анасы емді аяқтамағандықтан, тістердің бұзылуы жалғаса бергенін айтты.
Эксперттің айтуынша, қыздың жағдайы – иммунитеттің төмендігі, салмақтың аздығы, бұрын ауыр өткерген аурулардың салдары – наркоз кезінде ауыр асқыну қаупін өте жоғары деңгейге жеткізген.
Айта кетейік, дәл осы іс бойынша 25 қараша күні өткен сотта 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген емдеу сәті түсірілген кадрлар көрсетілген еді. Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес балаға тіс емдеу толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін мәлімдеді. Анестезиолог кінәлі деп танылса, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада 3 жасар қыз тіс емдетіп жатып көз жұмғаны туралы жазған едік.
"Қолымнан айырылып қалу алдында тұрмын": МӘМС арқылы уақытылы көмек ала алмаған қазақстандық ота кезегінің ұзаққа созылғанына наразы