Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада тіс емдеу кезіндегі 3 жасар қыздың өлімі: Сотта стоматологтан жауап алынды

Астанада тіс емдету кезіндегі 3 жасар қыздың өлімі: Стоматологтан жауап алынды

Коллаж: Stan.kz 

Астанада тіс емдету кезінде көз жұмған 3,5 жастағы Зере Есентайдың іс бойынша өткен сот отырысында стоматолог Төлеухан Әубәкірден жауап алынды. Ол емнің қалай жүргізілгенін егжей-тегжейлі баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Төлеухан Әубәрікдің айтуынша, ол Dent Park Ortho клиникасында үш жылға жуық жұмыс істейді және Зеренi 2024 жылдың 23 қазанында қабылдаған. Бұған дейін, қыркүйек айында алғашқы тексеруді басқа дәрігер жүргізген, ал ол қыздың тісін қайта тексерілген.

“Куәлік бермес бұрын, ата-анасына және жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Біз кеңес беріп, визуалды тексеру жүргіздік. Визуалды тексеру барысында 11 кариозды тіс және қалың тіс қақтары анықталды”, – деді ол.

Ол емдеу жоспары алдын ала жасалатынын атап өтті. Араласуды қажет ететін тістердің нақты саны кәсіби тазарту мен рентгеннен кейін анықталған.

Сот процедура алдында дәрігер қандай құжаттарды тексергенін нақтылады. Төлеухан Әубәкір жалпы анестезия алдында ата-аналар тапсыруы тиіс талдаулар тізімі жазылған жаднаманы көргенін, алайда ауру тарихы (анамнез) өзіне берілмегенін айтты.

Прокурор іс материалдарында – емдеуді қажет еткен тіс саны 18 деп көрсетілгенін еске салды. Тіс дәрігері бұл ақпаратты растады және оның қалай келісілгенін түсіндірді. 

“Біз анасын шақырдық, әр тісті көрсетіп, куәгерлердің көзінше ауызша келісім алдық”, – деді ол.

Оның айтуынша, кабинетте ассистент пен анестезиолог болған.

Қыздың анасы оның сөзін растады. Ол тіс санының бірнеше рет нақтыланғанын, ал операцияның ұзақтығы өздерін алаңдатқанын айтты.

“Біз емдеу уақыты туралы бірнеше рет сұрадық. Төрт сағат тым ұзақ емес пе деп де нақтыладық. 18 тісті емдеу керектігін айтты. Төрт сағат сияқты ұзақ уақыттың қауіпсіз екеніне көз жеткізіп барып  келісім бердік”, – деді Зеренің анасы.

Бұдан кейін Әубәкір де оның сөзін растады.

Айта кетейік, дәл осы іс бойынша 25 қараша күні өткен сотта 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген емдеу сәті түсірілген кадрлар көрсетілген еді. Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес балаға тіс емдеу толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін мәлімдеді. Анестезиолог кінәлі деп танылса, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

27 қараша күні өткен сот отырысында дәрігерлердің қызды құтқарып қалуға тырысқан сәті түсірілген видео көрсетілді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 02 Желтоқсан, 2025 19:42