Тергеу кезінде 2020-2023 жылдар аралығында жедел жәрдем станциясында санитарлық көліктерге арналған автокөлік бөлшектері заңсыз есептен шығарылып, іс жүзінде көрсетілмеген қызметтерге жалған келісімшарттар жасалғаны анықталды. Салдарынан кейбір автокөліктер шақыртуларға мүлде шықпай қалған, сондай-ақ бірқатары пайдаланудан шығарылған.
Прокуратураның мәліметінше, қазір “103” қызметінің автопаркі толықтай қалпына келтірілді.
“Аталған іс бойынша төрт адам ұсталды. Олардың қатарында жедел жәрдем станциясының директоры, орта буындағы екі басшы және тағы бір қызметкер бар. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 850 миллион теңге”, – деп мәлімдеді Астана қаласының прокуратурасы.
Күдіктілердің әрекеттері “Кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған аса ірі мөлшерде бірнеше рет иемденiп алу”, яғни қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2 тармағы, 189-бабы 3-бөлігі 1, 2, 3-тармақтары бойынша сараланды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
