Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада өткен AI Summer School 2025 жазғы мектебінде мамандар ЖИ құралдарын тиімді қолдануды оқытты

AI Summer School 2025 спикерлері

Астанада жоғарғы оқу орындарының қызметкерлеріне жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануды үйретуді мақсат тұтқан AI Summer School 2025 жазғы мектебі өз мәресіне жетті.

Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған жазғы мектеп биыл Astana IT University қабырғасында өтті. Жүз елуге жуық қатысушының басын қосқан шарада EPFL, ETH Zurich, University of Twente, Dortmund University, Gazi University, Назарбаев университеті сияқты оқу орындары мен Қазақстан Республикасы цифрлық даму министрлігінен және жаһандық ІТ-компаниялардан келген спикерлер дәріс оқыды. Олар reasoning AI, generative AI, машиналық және терең оқыту, ЖИ-дің финтех, агротех, білім және энергетика салаларындағы қолданылуы тақырыптарын қамтыды.

Іс-шараны NNEF қоғамдық қоры мен University Alliance of Science and Technology университеттер альянсы ұйымдастырды. Альянс құрамына Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU), Astana IT University, Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) және Халықаралық бизнес университеті (UIB) кіреді. Бас демеуші – Тимур және Динара Құлыбаевтардың "Halyk" қайырымдылық қоры.

"Жазғы мектеп қатысушыларды жасанды интеллектінің заманауи технологияларымен таныстырып, олардың басқару, білім беру, бизнес пен күнделікті өмірде қалай қолданылатынын көрсетуді мақсат тұтты", – дейді ұйымдастырушылар.

Жазғы мектептің ашылуы салтанатында сөз алған ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жасанды интеллект жеке тұлғаның трансформациясында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

"Жасанды интеллект — бұл жаңа электр энергиясы. Ол ауыл шаруашылығынан бастап өнеркәсіпке дейін барлық салаларға еніп жатыр. Мұндай жазғы мектептер жаңа ойлауды қалыптастыруда және жеке тұлғаның трансформациясында маңызды рөл атқарады. Бұл бастамалар еліміз бойынша кеңінен таралады деп сенеміз, ол мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерге қолдау болады", – деді вице-министр.

Индустрия және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова министрлік жасанды интеллектіні салаларға енгізу ісін қолдайтынын айтты.

"Министрлік ЖИ-ді өнеркәсіп, геология және құрылыс саласына енгізуді қолдайды. AI Summer School секілді бастамалар болашақ мамандарды цифрлық трансформацияның қозғаушы күшіне айналдырады", – деді ол.

Ал Astana IT University ректоры Асқар Хикметов Қазақстан жасанды интеллект саласында жаҺандық күн тәртібін қалыптастырып отырған мемлекеттер қатарында екенін атап өтті. Ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айта келе, ЖИ саласын дамытуда жазғы мектептің қосар үлесіне тоқталып өтті.

Асқар Хикметов

"AI Summer School – бұл жай ғана жазғы мектеп емес, ЖИ-ді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Бізде ЖИ ғылыми-зерттеу орталығы ашылды, жаңа оқу бағдарламалары енгізілді, халықаралық әріптестік дамып жатыр. Біз болашақтың бір бөлігі болуды ғана емес, оны өзіміз қалыптастыруды мақсат етеміз", – деді Astana IT University ректоры.

Айтуынша, Astana IT University қазірдің өзінде жасанды интеллект бойынша бакалавриаттан PhD-ге дейінгі бағдарламаларды іске асырып жатыр.

Әсел Жұмасейітова

"Бүгінде ЖИ – барлық салаларда қолданылатын әмбебап құрал. Оған мұнай-газ, химия, геология, қаржы, жоба менеджменті де кіреді. Әсіресе, мектеп бағдарламасында ЖИ этикасы жайлы тақырыптардың қамтылуы – технологиялық болашаққа саналы әрі жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді", – дейді ҚБТУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Әсел Кеңесқызы.

NNEF қоғамдық қорының цифрлық трансформация жетекшісі Лаура Саламат AI Summer School білім беру алаңынан қоғамдастық деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

Лаура Саламат

"Жетекші жоғары оқу орындары сарапшылар мен жас зерттеушілерді біріктіре отырып, біз Қазақстанның ЖИ саласындағы жаһандық күн тәртібінде лайықты орын алуына жол ашатын интеллектуалдық негізді қалыптастырамыз. Бұл мектеп – сол жолдағы маңызды қадам. Біз білім беру бағдарламаларына, ғылыми инфрақұрылым мен ЖИ бастамаларын қолдау экожүйесіне жүйелі түрде инвестиция саламыз", – деді Лаура Саламат.

Шараның бас демеушісі Halyk қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ЖИ саласы қор үшін өте маңызды сала екенін атап өтті.

"Жасанды интеллект күнделікті өміріміздің барлық саласына еніп келеді. Біз осы саладағы білім мен тәжірибе алмасуға қолдау көрсеткенімізге қуаныштымыз. Жазғы мектепке қазақстандық қана емес, шетелдік сарапшылар мен мамандардың қатысуы — біз үшін құнды. Мектеп аясында білім беру саласындағы ЖИ мәселелері кеңінен талқыланып, нақты шешімдер қабылданады деп сенеміз", – дейді қор директоры. 

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Асылбек Исахов әлемдік  бәсекеде ел жастарының интеллектуалдық әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті.

Асылбек Исахов

"ЖИ – бұл жай технология емес, болашақтың кілті. Біз ғаламдық цифрлық бәсекеде ел жастарының интеллектуалдық әлеуетін арттыруымыз керек. IITU-де кадрларды даярлау бакалавриаттан бастап PhD бағдарламаларына дейін қамтиды. Дарынды студенттер ЖИ-агенттер мен когнитивтік модельдермен нақты жобаларда жұмыс істейді", – дейді Асылбек Исахов. 

Айта кетерлігі, 2024 жылы жасанды интеллектіні оқыту бойынша халықаралық жазғы мектеп алғаш осы университетте ұйымдастырылған еді.

Биыл қатысушылар жалпы және техникалық бағытта білім алды. Қатысушылардың бір тобы ЖИ-ді күнделікті өмірде қолдануды меңгеріп шықса, IT саласында білімі бар мамандар техникалық бағытта оқытылды.

Бес күнге созылған шарада шетелдік мамандармен қатар жасанды интеллект көмегімен сүт безі қатерлі ісігін диагностикалау және болжау бойынша ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан  PhD,  Artificial Intelligence ғылыми зерттеу орталығының директоры Бейбіт Әбдікенов дәріс оқыды.

 "Сүт безі қатерлі ісігін диагностикалау және болжауда жасанды интеллект дәрігерлерді алмастырмайды, тек дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді әрі нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Бұл жобаны келесі жылы онкологиялық диспансерлерде тестілік режимде енгізуді жоспарлап отырмыз, жобаға медициналық жағынан үш ірі институт қолдау көрсетіп жатыр. Қазіргі кезде сүт безі ісігін 85-90 пайыз дәлдікпен анықтап жатырмыз. Жоспарымыз 90 пайыздан асыру", – дейді орталық директоры. 

Жазғы мектепті тәмамдаған оқытушылар енді жасанды интеллектіні қолдану тәселдерін өңірлердегі университет қызметкерлеріне үйретпек.

Аида Тақабаева
Жұма, 27 Маусым, 2025 13:57
Талқылау