Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

10 пәтер, 36 жер учаскесі, 49 автокөлік тәркіленген: Астанада үш тұрғын үй кешенінің құрылысшылары қамауға алынды

Тұрғын үй кешенінің құрылысыФото: Freepik.com

Астана қаласының прокуратурасы “Оазис”, “R-Club” және “R-Club Deluxe” тұрғын үй кешендерінің үлестік құрылысына қатысты қылмыстық істерді сотқа жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокуратура мәліметінше, азаматтардың қаражатын үлестік құрылысқа заңсыз тарту дерегі бойынша тергеу аяқталған. Іс бойынша әрекеті 426-дан астам отбасының мүддесіне 8,2 миллиард теңге көлемінде аса ірі залал келтірген адамдар тобы жауапқа тартылып отыр.

Тергеу барысында күдіктілер Қазақстан заңнамасының талаптарын бұзып, аталған тұрғын үй кешендерін салу үшін тиісті рұқсат құжаттарынсыз азаматтардың қаражатын тартқаны анықталған. Жиналған қаражат мақсатты түрде пайдаланылмаған, ал құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қамтамасыз ету үшін сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі мүлікке тыйым салынды. Атап айтқанда, 10 пәтер, 36 жер учаскесі, 16 тұрғын емес үй-жай және 49 автокөлікке шектеу қойылған.

Сондай-ақ 12 күдіктіге қатысты “Күзетпен ұстау” түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Елорда прокуратурасы тұрғындарды пәтер сатып алмас бұрын құрылыс компаниясының үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты бар-жоғын мұқият тексеруге шақырды. Бұл алаяқтықтан сақтанып, өз құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 17:05