Астанада Түркияға миллиардтаған теңгеге алтын тасымалдаған 4 адам сотталды
Астанада Түркияға миллиардтаған теңгенің алтынын заңсыз тасымалдаған қылмыскерлер түрлі мерзімге сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ж, Р, Б, А есімді 4 адамға қатысты істі қарады. Оларға Қылмыстық кодексінің 264-бабы “Трансұлттық ұйымдасқан топ құру, оған басшылық ету және қатысу”, 234-бабы “Ұйымдасқан топтың құрамында алдын ала сөз байласу арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізуге қатысты декларацияламаумен байланысты шектеулер ерекше ірі мөлшерде белгіленген тауарларды өткізу” бойынша айып тағылды.
2016 жылы Ж және Р Қазақстаннан Түркияға алтынды заңсыз тасымалдаумен және өткізумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топ құрып, оны басқарған. Артынша өздерінің таныстары мен туыстарын тартқан. 2020 жылы Түркия азаматы А-ны алтынды тасымалдау үшін курьер ретінде пайдаланған.
“Айыпталушылар кедендік шекарадан, кедендік бақылаудан тыс өткізуге тыйым салынған алтын мен зергерлік бұйымдарды бірнеше рет заңсыз жолмен алып келген. Нәтижесінде 2017-2021 жылдар аралығында 19 эпизод бойынша Қазақстаннан Түркияға 5 миллиард теңгеге жуық 190 келі алтын заңсыз тасымалданған. Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және іс материалдарында келтірілген басқа да дәлелдемелермен расталды”, – делінген хабарламада.
Прокурор сотталушылар Ж мен Р-ны 11 жылға, Б-ны сегіз жылға, А-ны бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушылар Ж, Р және Б кінәсін мойындамай, ақтау үкімін шығаруды сұрады. Сотталушы А өз кінәсін ішінара мойындады.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың балаларының болуын ескерді. Ешқандай ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Нәтижесінде Ж мен Р 11 жылға, Б 8 жылға, А 1,5 жылға сотталды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.