Астанада шолу дөңгелегінде вандалдардың суреттері көрсетіледі (видео)
Астана әкімдігі вандализммен күресудің жаңа әдістерін қолданысқа енгізбек. Олар елордадағы 65 метрлік шолу дөңгелегінде бұзақылардың суреттерін шығарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Елордада бұзақылық жасағаны үшін вандалдар айыппұл төлеп, қамауға алынады. Сондай-ақ аялдамалардағы терезелерді сындырып, лифттерге, қоқыс жәшіктерін зақымдап, басқа да бұзақылық әрекеттерге барған адамдардың суреттері Астанадағы басты шолу дөңгелегінде көрсетіледі.
“Бұл әдіс қала меншігіне зиян келтіру мәселесіне қоғамның назарын аудару үшін жасалып отыр. Қалада бұзақылық жасап, бөтеннің мүлкіне зиян келтіргендермен күресу бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді қала әкімдігі.
2025 жылдың басынан бері бұзақылық жасағаны үшін 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның 11-іне айыппұл салынса, 14-і әкімшілік қамауға алынды. Былтыр елордада бұзақылық жасағаны үшін 350 адам жазаланды.
Бұған дейін Ақтөбеде банкоматта кезекте тұрып, әйелді ұрған бойжеткен сотталған еді.