Президенттің экс-кеңесшісі Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты сот жабық режимде өтетін болды

Астанада Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары, президенттің экс-кеңесшісі Ержан Бабақұмаровты өлтірді деген күдіктіге қатысты сот басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
26 қаңтарда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды.
Күдікті Ербол Каукетайға "Адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылған.
Отырыс басталғаннан кейін тараптар сот процесін жабық режимде өткізуді талап етті, сот өтінішті қанағаттандырды.
Судья сот отырысының жабық өткзілу себебі марқұмның кәмелетке толмаған балаларын қорғау мақсатында екенін атап өтті.
"Марқұмның 16 және 12 жастағы екі кәмелетке толмаған баласы қалды, бұқаралық ақпарат құралдарында істің мән-жайын ашық жариялау қылмыстың сипаты мен жасалу тәсілдерінің жұртшылық арасында талқылануына әкелуі мүмкін", – деді судья Айжан Құлбаева.
Еске салсақ, 2025 жылдың 30 қазанында Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары, президенттің экс-кеңесшісі Ержан Бабақұмаровтың көз жұмғаны белгілі болды. Полицияның мәлімтеніше, Бабақұмаров таныстарымен бірге кеш өткізген. Жиналғандардың арасында жанжал туып, соңы төбелеске ұласқан. Салдарынан алған дене жарақаттарынан Бабақұмаров көз жұмған.