Астанада мектепте жүрегі тоқтап көз жұмды делінген оқушыны сыныптасының ұрып өлтіргені анықталды
Астанада мектепте қайтыс болған оқушының өліміне қатысты жаңа дерек шықты. Марқұм Темірлан Диқанбаевтың туыстарының айтуынша, ол төбелестен көз жұмған. Ал қайғылы оқиғаны жасырғысы келген №59-шы мектептің басшылығы өтірік ақпарат таратып, шәкірттерінің ойда-жоқта жүрегі тоқтап қалғанын айтты дейді. Бірақ ағасы, Темірланды сыныптасы ұрып өлтіргеніне сенімді, – деп хабарлайды КТК арнасы.
13 жастағы Темірлан Диқанбаевтың тура мектепте көз жұмғанына 20 күн өтті. Бүгінге дейін 8-шы сынып оқушысының сабақтан кейін аяқасты жүрегі ұстап өлгені айтылған болатын. Бірақ, марқұм жеткіншектің ағасы мұғалімдердің өтірігін әшкерелеп, сол күні сыныпта төбелес болғанын айтып отыр. Яғни, Темірланды сыныптасы ұрып өлтіріп алған.
“Сабақ аяқталып, оқушылар үйге қайтуға жиналып жатқанда Темірлан сыныптасымен ерегісіп қалған. Сол кезде ұлдар төбелеске қайрапты. Кейін әлгі сыныптасы Темірланды арқасынан соғып, кеудесінен ұрған. Қатты тисе керек, бірден жүрегі тоқтап қалған. Бауырымды сабап тастаған бала каратэмен айналысады екен”, – дейді марқұмның ағасы Бауыржан Мусин.
Осы кезде үлкен шу шығып, мұғалімдер жетіп келген. Темірланды ажалдан арашалау үшін мектептің медбикесі көмек көрсеткенімен, жедел жәрдем жеткенше жасөспірім есін жимастан кетіпті.
“Мектеп директоры мен мұғалімдер оқушыларға төбелес болғанын айтуға тыйым салған. Жедел жәрдем де, Темірланның неліктен есінен танып құлағанын білмей, көмек көрсете алмапты. Яғни,құр спирт иіскете берген. Ол мұрнын күйдіріп жіберген. Егер қатты соққыдан құлағанын бірден айтса, бәлкім бір амалын тауып ажалдан арашалап қалуға болар еді”, – дейді марқұмның ағасы Бауыржан Мусин.
Үйдегі екі ұлдың үлкені – Темірлан Диқанбаев оқуда үлгілі, ата-анасының үкілеген үміті болатын. Марқұмның туыстары мектептің оқиғаны жасырып, Темірланның жүрегі ұстап қайтыс болды деп өтірік ақпарат таратуы жандарына қатты батып отыр. Енді ұлын ұрып өлтірген сыныптасы мен қазаны жасырған мұғалімдердің жазаланғанынталап етуде. Ал полиция әзірге дерек бойынша ғана, қылмыстық іс қозғаған.
“Абайсызда кісі өлтіру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр. Өлімнің нақты себебін анықтайтын сот-медициналық сараптама тағайындалған”, – дейді Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.
Басы дауға қалған Астанадағы ең мақтаулы №59-шы мектептің мұғалімдерінен бастап, оқушыларына дейін полицейлер жауап алған. Бірақ білім ордасының басшылығы мән-жайды түсіндірудің орнына, болған оқиғаны жасырып сұхбаттан әлі қашып жүр. Ал Темірланды өлтіріп алған сыныптасының жасы 14-ке де толмағанын ескерсек, ол қылмыстық жауапкершіліктен мүлдем құтылып кетуі мүмкін. Жазаланғанның өзінде де, тәртібі қиын балаларға арналған интернатқа жіберілуі ықтимал.
Жіберіп алмаңыз:
Қазақстанда Су-27 ұшағы апатқа ұшырады
Лаңкестік кезінде «дәретханаға тығылып қалған» қос майор сот алдында жауап беруде
Өнерімен ақша тапты: Жас жігіт Париж көшелерінде қазақ тілінде ән айтып тұр (видео)
Сахара шөлінде соңғы 37 жыл ішінде алғаш рет қар жауды (фото)