Астанада LRT құрылысын қаржыландыру үшін жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік сатылымға шықты
Фото: e-qazyna.kz сайтынан
"City Transportation Systems" (CTS) көлік компаниясы Астана мен Алматыда жылжымайтын мүлік нысандарын, соның ішінде жер телімдерін, ғимараттарды аукционға қойып, түскен қаражатты LRT құрылысын аяқтауға бағыттайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Аукцион осы айда өтеді деп жоспарланған. CTS компаниясына тиесілі әртүрлі активтерді сату бойынша тізім e-qazyna.kz сайтына шыққан.
Солардың бірі 9 қыркүйекте Нұра ауданындағы жер телімі бойынша аукцион өткізу жоспарланған.
Нысанның бастапқы бағасы – 337 710 279 теңге. Айта кетейік, аукционға Нұра, Сарыарқа және Есіл аудандарындағы жер телімдері шығарылған. Олар бастапқы бағасы мен ауданы бойынша әртүрлі.
Сонымен қатар дәл осы күнге Астанадағы Бөкейхан көшесінде орналасқан аяқталмаған "Birlik House" тұрғын үй кешені бойынша да аукцион өткізу жоспарланған. Бұл нысанның бастапқы бағасы – 3,28 миллиард теңге. Аукцион бағаны өсіру әдісімен өткізіледі.
Фото: e-qazyna.kz сайтынан
Кейбір лоттар бойынша сауда 3-4 қыркүйекке белгіленген. Мысалы, Есіл ауданындағы бір тұрғын емес (коммерциялық) нысанның бастапқы бағасы 17 187 222 теңге болады.
CTS компаниясы бұл мүліктердің иелікке қалай өткенін түсіндірді:
"Азаматтық кодекстің 341-бабына сәйкес, City Transportation Systems ЖШС-ға міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін талап ету құқықтары берілді. Қарыздарды өндіріп алу және талап ету құқығын беру аясында қарыздарды өтеу мақсатында серіктестік бұл мүлікті қабылдап, қазір оны сатылымға шығарып отыр", – делінген хабарламада.
- LRT құрылысы, ғарышты игеру мен спортты дамыту: Министрліктер алғашқы жартыжылдықта бюджет қаржысын қайда жұмсады
- Алматы мен Қонаевты байланыстыратын ЛРТ жүйесін Оңтүстік Корея компаниясы салады
CTS компаниясы егер бұл нысандар сатылмаса, олар қайтадан аукционға шығарылатынын алға тартты.
2025 жылы Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт есебінен республикалық бюджетте LRT жобасын жүзеге асыруға 332,4 миллиард теңге қарастырылған. CTS компаниясы лоттарды сатудан түскен қаражат жобаға қосымша қаржыландыру болатынын жеткізді. Алайда айтуларынша, ол жобаның толық жүзеге асырылуына тікелей әсер етпейді.
City Transportation Systems сонымен қатар Алматыда орналасқан нысандарды да сатылымға шығарды. Олардың ішінде Әл-Фараби даңғылындағы коммерциялық нысан – 189,5 млн теңгеге, Орбита-1 ықшамауданындағы жер телімі бар ғимарат – 124,2 млн теңгеге өткен. Жалпы сома – шамамен 313,7 млн теңге.
Аукциондардың көбі, соның ішінде Астанадағы лоттар, сатып алатын қатысушылардың болмауына байланысты өтпей қалған.

"Қазақша мәзір сұрағаным үшін қуып жіберді": Алматыда қонақтарға дөрекілік көрсеткен дәмхана сынға қалды
