Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада құлаған лифтіге байланысты әкімнің орынбасары кешірім сұрады

Елордада 5  адамды ажал құштыра жаздаған оқыс оқиғадан соң дереу комиссия құрылды.  Өйткені элиталық кешенде кеше лифті құлап, тұрғындар бір өлімнен аман қалған еді. Қайта тешегіш іске қосылып, ішіндегі адамдар зардап шекпеген. Енді олар лифтінің құлағанын дәлелдей алмай жыларман күйде. Өйткені, пәтер иелері кооперативіндегілер жеделсаты құлаған жоқ, қабаттар арасында тұрып қалды деп бой берер емес, деп хабарлайды КТК арнасы.

Тұрғындарды ажал құштыра жаздаған оқыс оқиға осы үйде болды. Есілдің сол жағалауындағы 19 қабатты элиталық үйдің лифтісі істен шығып, 7-ші қабаттан құлаған. Сол кезде кабина ішінде 5 адам болыпты. Соның бірі Шыңғыс. Қатты шошынып қалған жігіт тростың үзілгенін айтады.

«Біз лифтіге отырдық. Трос үзілген дауыс шықты. Сосын астына ұштық. Астына ұшып бара жатқан кезде 4-5 секунд құлаған шығармыз. Сол ұшып бара жатқанда бәріміз бір-бірімізді ұстап алдық. Болды сосын лифт қатты тоқтады», – дейді Астана қаласының тұрғыны Шыңғысхан Серіков.

Яғни, құлаған лифтінің апат кезіндегі тешегіші ұстап, бірден тоқтаған. Кейін құтқарушылар кабина ішінде шошынған 4 жігіт пен бір бойжеткенді алып шыққан. Құдай сақтап,барлығы дін аман.

Тұрғындарды ажал құштыра жаздаған лифт осы. Қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ, мұнда тұратын жұрт жеделсатыны қолдануға қорқып қалған. Көбі жаяу көтеріліп-түскенді жөн көреді.

Бір қызығы лифтінің құлағанын пәтер иелері кооперативі  алғашқыда мүлдем мойындамаған. Мәселен мына видеодағы жігіт лифтіге жауапты компания қызметкеріне болған жайтты айтып жатыр. Бірақ, мекеме маманы жеделсатының құлағанын жоққа шығаруда.

Тұрғындардың   ашуын тудырған осы. Өйткені, мұндай оқыс жағдайдың бір-емес бірнеше рет  болғанын айтады. Ал, жауаптылар  үнемі көз жұмып қарайды екен. Сондықтан, лифтілерді ауыстыруды талап еткен адамдар әкімдікке шағымданбақ болған. Бірақ, ашулы жұрт атқамінерлердің кабинетіне кіре алмасын білді ме, бүгін халық алдында есеп берген Әсет Исекешовтың орынбасарының жиынына жетіп барды.  Қайта шенеунік жеделсатының құлағанынан хабардар екен.

«Тұрғындардан кешірім сұраймыз. Иә, оқыс жағдайдың болғаны рас. Қазір комиссия құрылды. “Гранд-Астана ” кешеніндегі апатқа нақты не себеп болғанын анықтаймыз. Негізі ол лифтілердің қолдану мерзімі біткен  жоқ. Мәселе бір-екі күнде шешілуі тиіс», – дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов.

Тұрғындардың шағымынан соң, пәтер иелері коперативі де тәуелсіз сараптама тағайындапты. Енді мамандар атышулы үйдегі барлық лифтілердің техникалық жағдайын тексеріп шығуы тиіс. Егер жеделсатылардың тозғаны анықталса, жауапты компания кабиналарды ауыстыруы тиіс.

Оқи отырыңыз:

Мешіт имамының шетелдік актрисаға көзқарасы көпшіліктің қызу талқысына түсті

Ақтөбеде мүгедек балалардың ата-аналары шу шығарды

Қарағандыда 5 жасар қызды айуандықпен зорлаған қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты

Жер дауы: Екі жыл бұрын бас көтерген халықтың талабы орындалмаған

Талқылау