Астанада криптовалютадан заңсыз 615 миллион теңгеден аса пайда тапқан ер адам 2 жылға сотталды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде табыс алып, заңсыз кәсіпкерлік жасаған адамға шешім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Ол "Астана" халықаралық қаржы орталығынан цифрлық активтер саласында қаржылық қызметтер көрсетуге лицензия алмай, цифрлық активтер айналымы бойынша қызметпен айналысқан. Лицензиясыз жұмыс істеу тыйым салынған.
Ер адам 2022 жылғы қыркүйектен бастап 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде 615 миллион 375 мың теңгелік USDT криптовалютасын сатып алып, оны қолма-қол ақшаға айырбастап, аса ірі мөлшерде табыс тапқан.
Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы “Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет” бойынша сотқа тартылды.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және басқа да материалдармен дәлелденді.
Сотта прокурор мүлкін тәркілеп, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындады. Қорғаушы тарап қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауды сұрады.
Сот айыпталушының балаларыбар екенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
“Сот үкімімен А кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталушыға 5 жыл қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды. Сотталушыдан 615 миллион 375 мың теңге заңсыз алынған табыс және мемлекет кірісіне өндірілген соманың 3%-ы мемлекеттік баж өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ”, – деп мәлімдеді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі.