Фото: gov.kz
Астанада қалалық жедел жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасына қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары және жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері қатысты.
"Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астанадағы "Даналық" колледжінде емдеу ісі мамандығы фельдшер біліктілігі бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Бүгін сол колледжде Ұлдананың атындағы арнайы аудитория ашылады. Оқу бітіргелі 4 жыл көлемінде өмірінің соңына дейін Астана жедел медициналық жәрдем станциясында еңбек етті. Жас болса да, кәсіби адалдығымен көзге түскен және шұғыл жағдайларда өз бетінше шешім қабылдай алатын білікті маманға айналды. Ұлдана Қалдарханқызының туған-туыстарына, анасына, жақындарына, жұбайына, жедел жәрдем қызметкерлері ұжымына Қазақстандағы медицина саласында жұмыс істеп жүрген 300 мыңнан аса қызметкердің атынан, өз атымнан қайғырып, көңіл айтамын", – деді министр.

Фото: gov.kz
Сонымен қатар министр Ұлдана Мырзуанның есімі отандық медицина тарихында жазылатынын атап өтті.
Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы марқұм қызына құрмет көрсетіліп жатқаны үшін денсаулық сақтау министрі мен медицина саласының қызметкерлеріне алғысын айтты.
Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қойды.

Фото: gov.kz
Ескерткіш тақтаның ашылуынан кейін жедел медициналық жәрдем станциясы мекемесінде жайылған дастархан басында Астана қаласындағы Шейх Кунта қажы мешітінің бас имамы Бекқожа Өмірзақ марқұмның рухына арнап Құран бағыштады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы құлап, адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны туралы жазған едік. 18 қараша күні 23 жастағы фельдшер ауруханада көз жұмды.
