Астанада IX қысқы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті
Елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде IX қысқы Азия ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/turizm_sport_ministrligi
Сары құрлық бәсекесі 7-14 ақпан күндері Қытай Халық Республикасының Харбин және Ябули қалаларында өтеді.
Салтанатты жиынға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері, 1998 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері, 1996 жылғы қысқы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Людмила Прокашева, шорт-тректен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен қоғам өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында IX қысқы Азия ойындарының ашылу рәсімінде Ту ұстайтын спортшыларға Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде тапсырылды. Харбиндегі Ойындардың ашылу салтанатында еліміздің байрағын хоккейден ҚР спорт шебері Әділ Бекетаев пен шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ольга Тихонова алып шығады.
Қытайдағы жарыста спортшылар сайыстың 6 түрінен 196 медальдар жиынтығын сарапқа салады. Жарысқа Азияның 32 елінен 1147 спортшы қатыспақ. Ал Қазақстан құрамасы намысын 137 спортшы қорғамақ.