Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада іске қосылған LRT пойыздарының жол желісі адам өміріне қауіпті екені ескертілді

ЛРТФото: GTS

29 қыркүйекте Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесін сынақ режимінде пайдалану басталды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

City Transportation Systems (CTS) компаниясының мәліметінше, бұл – инфрақұрылымның техникалық дайындығын, қозғалыс қауіпсіздігін және жолаушылар үшін қолайлылығын тексеруге мүмкіндік беретін маңызды кезең.

Елордадағы LRT жүргізушісіз қозғалады. Сынақ барысында мамандар рельстерді, станцияларды, байланыс желілерін, жылжымалы құрамды, қауіпсіздік пен қозғалысты басқару жүйелерін тексереді. Қызметкерлерді дайындауға, төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға және LRT басқа көлік түрлерімен интеграциялауға ерекше назар аударылады.

LRT құрамдары GoA4 аппараттық-бағдарламалық кешенімен жабдықталған. Бұл толық автоматтандырылған басқару жүйесі: қозғалыс, арақашықтықты сақтау, тоқтау, есіктерді ашу және жабу, деподан шығу және кіру, жуу жұмыстары оператордың қатысуынсыз жүзеге асырылады.

“GoA4 – рельсті көлікті автоматтандырудың ең жоғары деңгейі, жаңа желілерді салу немесе қолданыстағы желілерді жаңғырту кезінде көптеген қалалар ұмтылатын стандарт. Метро мен LRT жүйелері үшін бұл тиімділікті, қауіпсіздікті және басқа көлік түрлерімен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілікті арттыруды білдіреді. Бүгінде GoA4 Сингапурде, Дубайда және Қытайда енгізілген, дәл осындай заманауи деңгей Астанада да іске асырылады”, – деп атап өтті “City Transportation Systems” ЖШС Басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.

Жабдық пен инфрақұрылымды кешенді сынау кемінде алты айға созылады. Бірінші кезеңде тестілеу №112–№113 станциялары арасында басталады. Пойыздар бастапқыда 10 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, кейін жылдамдық пен сынақ аймақтары кезең-кезеңімен артады. Бұл ең жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, рельстерді мұқият тексеруге және біртіндеп жобалық параметрлеріне өту үшін қажет.
Бірінші кезең:
• сақиналы кабельдік желіні сынақтан өткізу;
• инфрақұрылым мен жылжымалы құрамның көлемін бақылау;
• рельстерге кернеу беру;
• пойыздарды "суық" және "ыстық" жүргізу, инженерлік желілер дайын болғанына қарай сынақ аймақтарын біртіндеп кеңейту – аралықтардан станцияларға дейін.

Екінші кезең:
• жылжымалы құрамды басқарудың негізгі жүйелерін сынақтан өткізу, радиобайланысты тексеруді қоса алғанда;
• қозғалыс қауіпсіздігін сынау;
• пойыздардың платформалық есіктермен өзара әрекеттесуін пысықтау;
• станцияларға автоматты түрде келу және жүруді тексеру;
• сигнализациямен біріктірілген сымсыз жүйелерді сынау;
• электрмен жабдықтау жүйесіне түсетін жүктемені бағалау;
• штаттық және штаттан тыс жағдайларды модельдеу;
• түрлі пайдалану сценарийлерін имитациялау.

"Жеті ай ішінде біз Қазақстан мен Қытайда оқып, тәжірибелік дағдыларды меңгердік және енді LRT сынақтарына қатысып жатырмыз. Біз үшін осы жүйенің бірінші операторлары болу үлкен мәртебе. Біз жауапкершілікті түсінеміз және заманауи көлік түрін іске қосуға қатысқанымызды мақтан тұтамыз ", - деді CTS пойыз операторы Айдын Ахмедин.

Қауіпсіздік мақсатында эстакадаға және жол желісіне кіруге қатаң тыйым салынады, себебі байланыс желісі 750V жоғары кернеумен жабдықталған және ол адам өміріне қауіпті.

Сынақ аяқталғаннан кейін LRT 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осылайша, Астанада толық автоматтандырылған және жүргізушісіз көлік іске қосылады.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 29 Қыркүйек, 2025 18:02
Талқылау