Астанада ерекше балаларды қолдауға арналған марафон өтеді
3 мамырда елордада төртінші мәрте Charity Samruk Marathon қайырымдылық жүгіру жарысы өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафоннан түскен қаражат мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға жұмсалады. Мәселен, соңғы екі жылда марафон есебінен 330 миллион теңге жиналып, Астананың 15 мектебінде инклюзия сыныптары ашылған.
3 мыңға тарта адам қатысуы жоспарланған марафон 2,5, 5 және 10 шақырым қашықтықта және 2,5 шақырымдық скандинавиялық жүріс бойынша өтеді.
Жүгіруге ниет білдірушілер 26 сәуірге дейін samrukmarathon.kz сайты арқылы тіркеліп, қатысу жарнасын төлеуі тиіс.
Қатысушыларға қолдау ретінде ұйымдастырушылар Ботаникалық бақта кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен апта сайын тегін жаттығулар өткізеді. Сондықтан марафонға тек кәсіби спортшылар ғана емес, әуесқой жандар да қатыса алады.
Charity Samruk Marathon шарасының ұйымдастырушысы – "Самұрық-Қазына" АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы – Samruk-Kazyna Trust. Stan.kz порталы – шараның ақпараттық серіктесі.