Астанада "Елорда құрылыс" компаниясының бөлім басшысы 10 жылға сотталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров “Елорда құрылыс” ЖШС бөлім басшысы Б.Базарбекке қатысты үкім шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ratel.kz
Базарбекке алаяқтық жасау және пара беруге итермеледі деген айып тағылған.
“Ол Астана қаласында көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу шарты бойынша аванс төлегені және сметаны ұлғайтқаны үшін "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС басшылығы үшін мердігерлік ұйым директорының 103 млн теңге сомасында алаяқтық жасағаны және пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды. Базарбек 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ”, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек “Елорда құрылыс” компаниясының таратылатынын айтқан еді.
“Бюджеттен көптеген қаржы жұмсалды, ол қайтарылмайтын қаражат. Құрылыс компаниялары жоқ, олардың иелері соттың шешімімен отыр, ал үлескерлердің қосымша қаражат төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан алдын ала айтып отырмын, келесі жылдан бастап "Елорда құрылыс" компаниясы таратылады”, – деді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек.