Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада бюджеттен 800 миллион теңге субсидия алған жеке тасымалдаушы компания вагондарды жаңартудың орнына ескілерін ұсынған

800 миллион теңге субсидия алған жеке тасымалдаушы компания вагондарды жаңартудың орнына ескілерін ұсынған

Фото: otpan-logistic.kz

Астанада мемлекеттік органмен келісім жасасып, мемлекеттен субсидия алған “Otpan Logistic” жеке тасымалдаушы компаниясының заңсыз әрекеті әшкере болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Otpan Logistic” жеке тасымалдаушы компаниясы мемлекеттік органмен жолаушыларды теміржолмен тасымалдауға арналған ұзақмерзімді субсидиялау шартын жасасқан. Бірақ шартта көрсетілген тиісті міндеттерді орындамаған. Елорда соты жеке тасымалдаушы компанияның шартты бұзуы туралы істі қарады.

“Otpan Logistic” компаниясы жолаушылар тасымалының сапасын арттыру шартымен жыл сайын мемлекеттік қолдау алуға тиіс болған. Қосымша келісіммен нақты жоспар бекітіліп, 2023 жылдың соңына дейін кемінде үш жаңа жолаушы вагонын сатып алып, әрбір пойыз құрамына мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға бейімделген кемінде бір вагон енгізілуі тиіс еді.

Бірақ субсидияның алынғанына қарамастан, компания жаңа вагондар сатып алудың орнына, бұрын пайдаланылған және күрделі жөндеуден өткен ескі вагондарды ұсынған. Алайда компания вагондардың шартта көрсетілгендей жаңартылғанын айтады.

“Мемлекеттік органның пікірінше, келісімнің негізгі мақсаты – тасымалдаушының өз иелігіндегі жаңа вагондарды иеленіп, олар арқылы жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын ұзақ уақыт қамтамасыз ету болатын. Ал тасымалдаушы жаңартуды жөндеу немесе жалға алу арқылы да жүзеге асыруға болады деп есептеді”, – деп мәлімдеді Астана қалалық соты.

Сот біріші сатыда тасымалдаушының уәжін қолдап, шарт мәтінінде мұндай тәсілдерді тікелей тыйым салынбағанын атап өтті. Алайда апелляциялық саты бұл шешімді жоққа шығарып, шартты тек мәтін бойынша емес, оның мақсат-міндеттеріне сүйене отырып түсіндіру қажет деген қорытындыға келді. Мемлекеттік қаржы шын мәнінде жолаушылар вагондарын жаңартуға және тасымалдау жағдайларын жақсартуға бағытталған.

“Іс материалдарында жолаушылардың көптеген шағымдары мен тексеру нәтижелері келтірілген, онда ескі вагондарда температуралық режим мен санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталған. Апелляциялық сот тасымалдаушының шартты өрескел бұзғанын мойындап, шартты мемлекеттік орган пайдасына бұзуға шешім қабылдады”, – делінген хабарламада.

Көлік министрлігі келісім шарттағы міндеттерді орындамаған жеке тасымалдаушы компанияның “Otpan Logistic” ЖШС екенін мәлім етті. 

“Otpan Logistic” жеке тасымалдаушысы №109/110 жолаушылар пойызы “Маңғыстау - Ақтөбе” бағыты бойынша жүреді. Министрліктің дерегінше, 2023 жылдан 204 жылға дейін жыл сайын мемлекеттен шамамен 800 миллион теңге қаражат бөлінген. 
Айым Болатқызы
Бейсенбі, 28 Тамыз, 2025 17:53
Талқылау