Астанада бір жылда 28 бала терезеден құлап кеткен: Елордалық құтқарушылар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлуге шақырды
Фото: ТЖД баспасөз қызметі
Астаналық құтқарушылар терезеден құлап, жазым болатын балалар саны азаймай тұруына байланысты арнайы акция өткізді. Шара барысында көпқабатты үйлерде тұратын кей тұрғындардың терезесіне бекіткіштер орнатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көпқабатты тұрғын үйлердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған "Бала қауіпсіздігі – басты мақсатымыз" акциясына Сарайшық ауданында орналасқан №23 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері, полицейлер мен аудандық әкімдік өкілдері қатысты.
Фото: ТЖД баспасөз қызметі
Шара барысында құтқарушылар қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, ата-аналарға балаларды терезеден құлап кетуден қорғау жолдарын түсіндіріп, нұсқаулық таратты.
"Былтыр Астана қаласы бойынша 28 бала терезеден құлап кетті. Өкінішке қарай, қаза болып кеткендері де бар. Тосын жайттардың саны азаймай отыр. Бірінші кезекте ата-аналар балаларды жалғыз қалдырмау керек, әсіресе, кішкентай балаларды көзден таса қылмау керек. Көпқабатты тұрғын үйде тұратын болса, екінші қабаттан жоғарғы қабатта орналасқан пәтерлердің терезесіне темір торлар мен бекіткіштер орнату керек. Бұл ретте москит торлар баланы қорғауға арналмағанын естен шығармаған жөн. Москит торға сүйеніп тұрған бала терезеден құлап кетуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар арасында түсіндіру жұмысын күшейтіп отырмыз. Бүгін мүлік иелері бірлестігі төрағаларымен бірлесіп, ата-аналармен кездесіп, кейбір көпбалалы отбасылардың үйінің терезесіне бекіткіш орнатып беру арқылы қауіптен қорғау жолдарын көрсеттік", – дейді Астана қаласы ТЖД Сарайшық ауданы төтенше жағдай басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Бақыт Қожакеев.
Фото: ТЖД баспасөз қызметі
Осы аумақтың қауіпсіздігіне жауапты полиция капитаны Бобир Худояров таяуда ғана жеті жастағы бала терезеден құлап, жарақат алғанын айтып, ата-аналарды кішкентай балалардың қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлуге шақырды.
"Менің әкімшілік аумағымда күні кеші жеті жастағы бала бесінші қабаттағы балконның терезесінен құлап кетті. Үйінде анасы мен әпкесі болған. Олар теледидар көріп отырған кезде бала терезенің алдына орындық қойып, терезеден сыртқа қараймын деп құлап кеткен. Қазір ол травматология бөлімінде емделіп жатыр. Сондықтан ата-аналардан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, балаларды жазатайым оқиғалардан барынша қорғауға шақырамыз", – дейді ол.
Фото: ТЖД баспасөз қызметі
Құтқарушылар акция барысында көппәтерлі тұрғын үйдің 4-қабатында тұратын Нұржан Иманбердиевтің де үйіне де бас сұқты.
"Бұл үйде тұрып жатқаныма 6 жылдай болды. Екі және бес жастағы екі немерем бар. Бүгін құтқарушылар келіп тереземізге бекіткіш орнатып кетті. Бекіткішті өзіміз де орнатуға болады. Алайда ерен санамай жүретініміз жасырын емес", – дейді қала тұрғыны.
Фото: ТЖД баспасөз қызметі
Акцияға белгілі журналист Айгүл Мүкей де қатысып, ол ұл-қыз тәрбиелеп отырған ана ретінде бала тағдырына барынша жауапкершілікпен қарау керек екенін атап өтті.
Мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова балалардың қауіпсіздігіне алдымен ата-анасы жауапты екенін алға тартады.
"Баланың қаупсіздігіне ата-анасы жауапты. Балалардың терезеден құлап кететін жағдайы жиілеп кетті. Сондықтан, біріншіден, ата-аналар балаларына қауіп-қатер жөнінде ескертіп отыруы қажет. Пәтері жоғары қабатта орналасқан болса, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуі керек. Бүгінгідей акцияларды жиі өткізіп, қайғылы жағдайды болдырмау үшін алдын ала қамданған жөн", – дейді Мәдина Әжікенова.

Ирандағы шиеленістен соң мұнай құны өссе, Қазақстанда доллар бағамы төмендей ме – Сарапшылар жауап берді
