Астанада белгісіз ер адам 8 жасар қызды ұрлап кетпек болған

Астанада белгісіз ер адам 8 жасар қызды ұрлап кетпек болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы қыздың анасы Threads желісінде жазды. 16 ақпан күні Астанадағы Сарыарқа ауданында кешкі сағат 18:50 шамасында белгісіз ер адам көшеде 8 жастағы қыз баланы күштеп ұстап, алып кетпек болған.
Оқиға Республика даңғылы бойындағы “Бәрі бар” дүкенінің маңында болған. Анасының айтуынша, ер адам қызды “ұрлап кетемін” деп қорқытып, қолынан тартып әкетуге тырысқан. Балаға сол сәтте жанында болған екі өзге бала көмектескен. Олар абыржымай, қатты айқайлай бастаған. Шудан сескенген ер адам қызды жібере салып, қашып кеткен.
“Егер қасындағы балалар болмағанда, жағдайдың қалай аяқталары белгісіз еді. Қызым қатты қорқып қалған, өзім де шок күйіндемін. Бірден полицияға арыз жаздық”, – деп жазды қыздың анасы.
Анасының айтуынша, ер адам шамамен 30–35 жас аралығында, арықша келген, үстінде қара түсті қысқа күртеше, қара бас киім, қара шалбар болған.
Сарыарқа ауданының полиция басқармасы аталған дерек бойынша арыздың тіркелгенін растады.
“Аталған дерек полицияда тіркелді. Қазір ер адамның жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде тиісті құқықтық баға беріледі”, – делінген полиция хабарламасында.
Аталған жазбаның астындағы пікірлерде тағы бір ұқсас жағдай туралы мәлімет жарияланды. Желі қолданушысының айтуынша, бір күн бұрын сағат 21:00 шамасында Әнет Баба көшесінде белгісіз жігіт оны ұзақ уақыт бойы аңдыған. Бастапқыда бұл жай сәйкестік деп ойлағанымен, ер адам соңынан қалмай қойған.
Қауіптенген қыз жақын маңдағы кофеханаға кіріп кеткен. Алайда күдікті бірнеше рет мекеме кіреберісінің жанынан өтіп жүрген. Кейін ол мекеме қызметкерінен өзін таксиге дейін шығарып салуын сұраған. Таксиге бет алған сәтте полиция шақыратынын айтқанда, әлгі ер адам қашып кеткен. Желі қолданушылары екі оқиғада да бір адам болуы мүмкін деген пікірде.
"1,5 келілік сәби жансақтау бөлімінде": Таиландқа демалуға барып, босанып қалған қазақстандық әйел елден көмек сұрады