Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада балабақша тәрбиешісі балаға қол көтергені үшін сотталды

балабақшада баланы ұрған

Фото: pixabаy.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты азаматша кәмелетке толмаған балаға қатыгездікпен қараған балабақша тәрбиешісіне қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот мәліметіне сәйкес тәрбиеші 2025 жылғы қаңтар және ақпан айларында балабақшада жұмыс істеп, балаға бірнеше рет күш қолданған. Бейнежазбаларда баланы ұру, итеру және басқа да дөрекі әрекеттер анық көрінеді дейді. 

“Сотта айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалармен және өзге де дәлелдемелермен расталды. Прокурор 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды және амнистияны қолдана отырып, балалармен жұмыс істеу құқығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, соттан қатаң жаза қолданбауды сұрады. Жәбірленуші тарап істі неғұрлым ауыр бап бойынша қарауды және моральдық зиянның өтелуін талап етті”, – делінген хабарламада. 

Нәтижесінде сот жеңілдететін мән-жай ретінде айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін және оң мінездемесін ескерген. 

“Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Қылмыстың сипаты мен мән-жайларын ескере отырып, сот айыпталушыға қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындау қажет деп тапты. Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 80 сағат көлемінде қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды”, – деп қосты соттың баспасөз қызметі. 

Жәбірленушінің моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды.

Назархан Уән
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 21:11
Талқылау