Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада автобус апатынан аяғынан айырылған қыздың оңалту және аяғына протез салу шығындарын мемлекет көтереді

 

Алуа Бекен-instagram.com/help.aluabekenФото: instagram.com/help.aluabeken

Астанада 2 маусымда болған автобус апатынан екі аяғынан бірдей айырылған 8 жастағы Алуа Бекеннің еміне және протезге кететін шығынын мемлекет көтереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбек министрі Светлана Жақыпова мәжіліс кулуарында Алуаға мемлекет тарапынан барлық әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты. 

Оның айтуынша, қызға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген. Мүгедектігі анықталғаннан кейін оған жәрдемақы тағайындалады.

"Біз оған бардық, анасымен сөйлестік. Протездеу бойынша, оңалту бойынша барлық  қызметті өзімізге аламыз. Кеше оның  Егіндікөл аудандық емханасында тіркеуде екенін естідіңіздер. Дәрігерлер жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді", – деді министр.

Екі аяқтың ампутациясының бұл түрі үшін Алуаға бірінші топтағы мүгедектік тағайындалуы керек. Мемлекет балаға өмір бойына 100 мың теңгеге жуық жәрдемақы төлейді. Баланың анасы Махаббаттың да жәрдемақы алуға құқығы бар – мүмкіндігі бар балаға күтім жасағаны үшін 78 мың теңге төленуі керек. Сонымен қатар, министрдің айтуынша, қыздың анасы көпбалалы отбасы ретінде төлем алып отыр.

Еске салсақ, 2 маусымда Астанада жолаушылар автобусы бағанаға соғылып, 15 адам жарақат алды. Ауруханаға ауыр халде түскен сегіз жастағы Алуа Бекеннің екі аяғын ампутациялауға тура келген.

17 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Алуа ауруханадан шыққанын, Ақмола облысындағы тұрғылықты жері бойынша оңалту курсын өтетінін айтты. 

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 11:28
Талқылау