Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада алаяқтар жалған промокодтар арқылы сауда орталығын жарты миллиард теңгеге алдап кетті

istockphoto тұрмыстық техника сатқан алаяқтар ұсталдыФото: istockphoto.com

Астанада бір жыл бойы әрекет еткен алаяқтар тобы сауда орталығына 473,6 млн теңге көлемінде залал келтіріп, жалған промокодтар арқылы қымбат электроника тауарларын заңсыз сатып, қайта сатумен айналысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен қылмыстық қудалау органдары ірі көлемдегі алаяқтық фактісін анықтады. Тергеу барысында алдын ала сөз байласу арқылы бір жыл бойы жүйелі түрде әрекет еткен қылмыстық топтың іс-әрекеті әшкереленді.

Белгілі болғандай, сауда үйінің қызметкері 10 танысымен қылмыстық келісімге келіп, тұрмыстық техниканы төмен бағамен алу мақсатында жалған промокодтар рәсімдеген. Осы тәсіл арқылы олар iPhone ұялы телефондарын, ноутбуктерді, теледидарларды, тоңазытқыштарды және өзге де электроника тауарларын сатып алып, кейін үшінші тұлғаларға қайта сатқан.

"Қылмыстық әрекеттердің салдарынан сауда үйіне келтірілген материалдық залал 473,6 миллион теңге болды. Сот үкімімен қылмысқа қатысқан барлық 10 адам 4 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптар толық көлемде қанағаттандырылды", – делінген хабарламада.

Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Алматыда Instagram арқылы көйлек "сатумен" айналысқан әйелдің үстінен іс қозғалды. Күдікті Instagram желісінде бір күндік парақшалар ашып, киім сату туралы хабарландырулар жариялаған және сатып алушыларға алдын ала төлем немесе кепілақы аударуды ұсынған. Жәбірленушілер ақша аударғаннан кейін күдікті аккаунттарын бұғатталып, хабарламаларды өшіріп отырған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 12:00