Астанада алаяқтар Дубай шоколадын "сатып", табыс таппақ болған
Елорда полицейлері қазір трендке айналған Дубай шоколадын интернетте жарнамалаған алаяқтарды анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: iStock
Астана полициясының мәліметінше, күдіктілер Instagram желісінде Дубай шоколадын нарықтағы бағасынан төмен сататынын хабарлап, жазба жариялаған.
- "Дубайда 3000 пәтер бар": Не себепті шетелдегі мүлкі үшін Қазақстандық олигархтарға салық салынбайды
"Жергілікті тұрғындардың бірі алаяқтармен хат алмасып, төлем мен жеткізу жолдарын талқылап, шамамен 15 мың теңгеге бір плитка шоколадқа тапсырыс берген. Ақшаны банк картасына аударғаннан кейін алаяқтар оны бұғаттап тастаған. Жәбірленуші алданғанын түсінген соң полицияға жүгінген. Осындай шағыммен бес жәбірленуші жүгінген", – делінген хабарламада.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция Дубай шоколадын сатамыз деген желеумен қосымша табыс тапқысы келген жастарды ұстады.
"Тергеу барысында ұсталғандар өз кінәларын мойындады. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", –делінген хабарламада.
Қазір олардың осыған ұқсас басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Дубай шоколадының минутына 100 данасы сатылатынын жазған едік. Қазіргі уақытта бұл тауарды әлемнің түкпір-түкпірінде сатып алушылар саны артқан. Бұл тәттіні Дубайда тоғыз жылдан бері тұрып жатқан 38 жастағы Сара Хамуда жасаған. Ол 2021 жылы Fix Dessert Chocolatier брендін іске қосқан. Сара – Мысыр текті британиялық әйел. Ол жүкті кезінде тәтті тағамдарға жерік болып, шағын бизнестің негізін қалаған. Брендтің құрамында әртүрлі қосынды бар: дәстүрлі кунафадан бастап печенье, крем және қытырлақ жармаға дейін.
Ақпан айында шоколад таныла бастаған соң, компания кеңейген. Хамуда мен күйеуі өз үйінің ас үйінде 10 адамнан тұратын команда жасақтаған.
Бір данасы 20 доллардан (9826 теңге) сатылатын 200 граммдық шоколадты батончиктерді тек жеткізу қызметі арқылы алуға болады. Сатылымы күн сайын сағат 17.00-де басталады. Хамуданың айтуынша, дүкен күніне 500 тапсырыс қабылдайды. Ал олар әдетте бірнеше минут ішінде сатылып кетеді екен.