Астаналық адвокат өз қорғауындағы азаматтарды 165 миллион теңгеге алдаған
Елордада адвокат өз қорғауындағы азаматты пара беруге итермелегені үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
"Астанада адвокат өз қорғауындағы азаматтардың мүддесіне өкілдік ету барысында, пайда табу мақсатымен бірнеше рет алаяқтық жасап, аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеу арқылы жалпы 164,9 миллион теңге қаражатын иемденген", – делінген бас прокуратураның хабарламасында.
Белгілі болғандай, сотталушы аударылған қаражаттардың өз жұмысы үшін ақысы ретінде алғандығы туралы алқабилерді сендіруге тырысқан. Бірақ мемлекеттік айыптаушы оның осы қылмыстарды жасағанын дәлелдеді.
Алқабилер сотының үкіміне сәйкес сотталушы бірнеше рет алаяқтық жасағаны және аса ірі мөлшерде пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына шектеле отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Пара нысаны заңсыз алынған мүлік ретінде танылып, мемлекет кірісіне өндірілді. Үкім заңды күшіне енді", – деді бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Еске салайық, Шымкентте екі экс-тергеуші модель қыздардың ашық суреттері мен видеоларын ата-анасына көрсетемін деп бопсалап, 300 мың теңге сұраған. Полиция майоры мен лейтенанты сонымен қатар модельдік агенттіктің қыздарын түрмеге қамаймыз деп те қорқытқан. Олар бопсалаудан соң, пара алу барысында жеке кабинетінде ұсталды. Сотта айыптаушы сотталушыларға нақты мерзім беруді талап еткенімен, полиция қызметкерлері отбасы мен кәмелетке толмаған балаларының барын алға тартып, бас бостандығынан айырмауын сұраған.