Пышақпен қорқытып, видеоға түсірген: Астанада 17 жастағы қыз қатарласы айлар бойы зорлап келгенін айтты
Фото: Видеодан скрин
Ауылдан Астанаға оқуға түскен 17 жастағы қызды қатарласы ұзақ уақыт бойы зорлап, азғындық әрекетін бейнежазбаға түсірген. Қаскөй “полицияға шағымдансаң әлеуметтік желіге масқаралаймын” деп қорқытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жантүршігерлік жағдай туралы жәбірленушіні ауруханаға ауыр жағдайда түскенде ғана белгілі болды.
“Маған қоқан-лоқы көрсетіп пышақ тақап жүр. Бар кінәм онымен таныстықты жалғастырғым келмегенінде. Үйіме алғаш пышақпен келді, қорқытты. Сол кезде менің жеке басымның бүкіл маған тиесілі әлеуметтік желілерімді алып алды. Қоқан-лоқы көрсетіп, сол кезде зорлады. “Шағымданатын болсаң өлтіріп кетемін” деп қорқытты”, – дейді жәбірленуші.
Студент қызды зорлаған 17 жастағы бозбала бұл әрекетін әдетке айналдырған.
“Арнайы қосымша арқылы сабаққа барған-бармағанымды біліп, кез-келген уақытта пәтерге пышақпен кіріп келетін еді. Күштеп қорлағанда ауруханаға түстім. Сол сәтте дәрігерлер денедегі соққыны көріп полиция шақыртқанын жеткізді. Бірақ тәртіп сақшылары жарты жылдан бері еш шара қолданбады”, – деп қынжылды зәбір көрген қыз.
Оның айтуынша, полиция салғырттық танытып, табысталған айғақтарды жойып жіберген. Студент қыз қазір психологтардың бақылауында. Ал полиция департаменті зорлау бабымен іс қозғалғанын мәлімдеді. Өзге ақпаратты жария етпеді.
“Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуі тиіс. Егер бұл тергеп-тексеру мүдделерге қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтарымен заңды мүдделерін бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкін деп танылса, сол көлемде жария етілуі мүмкін”, – деп мәлімдеді Астана қаласы полиция департаменті.
Осылайша, арыз жазылса тергеу ісі алты айдан бері жүргізіліп жатыр. Онсызда зорлық көрген қыз еске түссе есімнен танатын жағдайды тергеушілерге айта-айта аузым талды дейді. Ал әлі күнге күдіктінің бостандықта жүруінен қорыққан бойжеткен ауылдағы ата-анасына қашып кетуге мәжбүр.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Жасөспірімдердің шылымға тәуелдігімен қалай күресуге болады
