Астанада 13 наурыздан бастап әуе және көлік қатынасына уақытша шектеу енгізілмек
Астанада 13 наурыздан бастап әуе және көлік қатынасына жекелеген учаскелерде уақытша шектеу енгізілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлайды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған Астана қаласында өтетін әскери парадқа дайындық шараларына байланысты 13 наурыздан бастап жеке құрамды тасымалдау және әскери техниканың теміржол көлігімен де, өз жүрісімен қозғалысы басталады деп жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.
Осыған орай еліміздің кейбір аймақтарындағы жолдардың жекелеген учаскелерінде жол қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін.
"Сондай-ақ 2025 жылғы 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында әскери авиацияның жаттығу ұшуларын жүргізу үшін Астана қаласында әуе кеңістігін пайдалануға қысқа мерзімді шектеулер қойылады. Осыған байланысты әуе рейстерінің кестесіне де өзгерістер енгізілуі мүмкін. Біз азаматтарға рейстер туралы ақпаратты алдын ала нақтылауды ұсынамыз", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар министрлік енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауды, жалған ақпарат таратпай, тек ресми дереккөздерге жүгінуді сұрап отыр.