Астана тұрғыны мен полицейлер қарт кісіні телефон алаяқтарынан құтқарып қалды

Астанада қала тұрғынының қырағылығы мен полицияның жедел әрекетінің арқасында егде жастағы ер адам телефон алаяқтарының арбауынан аман қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полицейлердің мәлімдеуінше, көшеде кетіп бара жатқан елордалық тұрғын қарияның телефон арқылы белгісіз біреулерге ақша жібермек болғанын байқап қалған. Алаяқтардан күдіктенген ол дереу полицияға хабар берген.
"Оқиға орнына жеткен полиция қызметкері Ұлықбек Жұмағұлов телефонның ар жағындағы алаяқтармен сөйлесіп, олардың әрекетін тоқтатты. Осылайша қала тұрғынының қырағылығы мен полицияның жедел әрекетінің арқасында телефон алаяқтарына тосқауыл қойылып, қарияға көмек көрсетілді", – делінген ішкі істер министрлігі таратқан хабарламада.
Жағдайды толық анықтау үшін қария полиция бөліміне жеткізілген. Ал оқиғаға бейжай қарамаған қала тұрғынына тәртіп сақшылары қырағылығы үшін алғыс білдірді.
Полицейлер мұндай жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға хабарласу керек екенін ескертті.
Полиция бастығының қызы Олжас Сүлейменовтің немересін қалай қағып өлтірді: Қазақстандағы тағы бір атышулы жол апатын еске түсірейік