Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстандық бұрынғы сүйіктісіне берген 5 миллион теңгесін сот арқылы қайтарып алмақ болған

Фото: freepik.com

Астанада ер адам бұрынғы сүйіктісіне берген 5 миллион теңгесін сот арқылы қайтарып алмақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот таратқан мәліметке сүйенсек, ер адам қызбен интернет арқылы танысқан, кейін WhatsApp мессенджері арқылы екеуі хат алмасып тұрған. 

Хат алмасу барысында қыз жігіттен денсаулығына байланысты материалдық көмек сұраған. Ер адам Kaspi қосымшасы арқылы қыздың телефон нөміріне ақша аударған.

Істі қарау барысында тараптар арасында жеке (романтикалық) қарым-қатынастар болғаны, талап қоюшы материалдық көмекті ерікті түрде көрсеткені анықталған. Тараптар арасында қарыз шартына сәйкес міндеттемелердің болғанын дәлелдейтін айғақтар ұсынылмаған. Kaspi сервисі арқылы жүргізілген аударымдарда ақшаны қайтару немесе басқа да міндеттемелер туралы шарттар болмаған.

“Сот талапты қанағаттандыруға негіз жоқ деген шешімге келді. Себебі Азаматтық кодекстің 954-бабына (Негiзсiз байлықты қайтару туралы талаптардың азаматтық құқықтарды қорғау туралы басқа талаптармен арақатынасы) сәйкес, қайырымдылық, материалдық көмек немесе сый ретінде берілген ақша негізсіз баю ретінде қайтарылуға жатпайды.

Сот шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылмады”, – делінген сот хабарламасында.

Талап қоюшы сот шешіміне шағым түсіргенімен, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылды.

Сот актісі заңды күшіне енді.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 28 Сәуір, 2025 11:00
Талқылау