Астана тұрғыны атасының соғыста жазған хаттарын 70 жылдан кейін тауып алды (фото)
Астана тұрғыны Айжан Қанатова Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жылдан аса уақыт өткеннен кейін әжесінің заттарының арасынан хат салынған дорба тауып алды. Ондағы хаттарды Айжанның атасы, соғыс ері Дүйсенбай Мақашұлы Әлжанов жазған болып шықты.
Сурет: Sputnik Қазақстан
Бұл туралы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Дүйсенбай Әлжанов 1922 жылы Петропавлда дүниеге келген. Ол 1941 жылы 19 жасында әскер қатарына шақырылған. Айжанның әжесі сол кезде Дүйсенді әскерге шығарып салғандардың барлығында оны соңғы рет көріп тұрғандай сезім болғанын айтқан.
«Бірнеше жыл бұрын әжемді сағынып, оның шабаданын ашып, біздің отбасымыз үшін тарихи мұра тауып алдым. Ол ішіне Дүйсен атамның соғыста жазған хаттары салынған дорба еді. Әжем оны ұқыптап сақтап келген екен. Хаттардың барлығы латын қарпінде жазылған. Соғыс жылдарындағы хаттарда не жазылғанын білгім келгені сонша, латын қарпін үйренуге кірістім. Алғашқы хатты оқығанымда қандай сезімде болғанымды сөзбен айтып жеткізгісіз», – дейді Айжан Қанатова.
1942 жылы 21 мамырда жазылған хатта Дүйсенбай ата былай жазыпты: «Ана, Гүлсім, Коляй, Фаузия, Еслям, сіздерге жалынды сәлем жолдаймын! Қалдарыңыз қалай? Мен аман-есенмін. Мәскеуге қарай бағыт алдық. Бұл хатты Қазан қаласынан жолдап отырмын. Достарым да дін аман. Әзірге ойымда ештеңе жоқ. Қонаққа бара жатқан сияқтымыз: ойнап-күліп, әңгіме айтамыз. Сіздерді қатты сағындым. Анашым, жылама. Бұл әр азаматтың борышы. Сондықтан жыламаңыздар. Өмір қиын, бәрі қымбаттап жатыр. Сондықтан өзіңді қолға алып, алға жүру керек. 1931-32 жылдардағыдай болайын деп тұр. Көршілерге, Шәкен, Оспан, Шәйкен, Хамза, Біләлдің отбасыларына сәлем! Пойыз жүріп барады. Көріскенше! Дүйсен».
Дүйсен Мақашұлы анасымен
Жастайынан алғыр болған Дүйсен майданда да өзінің қабілетін көрсете білген. Ол 1942 жылдың желтоқсанында шаңғы батальонының взвод командирі болып тағайындалған. Ол 1943 жылы тек бірнеше хат жазған. Ал сол жылдың маусым айында ауруханаға түсіп, ота жасалыпты.
Дүйсен атаның ұрпағы оның хаттарынан аталарының ержүрек болғанын байқаған. Ол соғыстағы өмірдің ауыртпалығына қарамастан, отбасының қалай өмір сүріп жатқанын жиі ойлапты. Кез-келген мүмкіндік болғанда туыстарына ақша жіберіп, азық-түлік сатып алу үшін өз заттарын сатып жіберулерін сұраған.
Анасы Рахима Мұстафақызы
«Құрметті, анашым! Туыстарым! Қалдарыңыз қалай? Менде бәрі жақсы. Мен үшін алаң болмаңыздар. Бәрі Жаратқанның қолында. Ауыр уақыт туды. Не болары белгісіз. Мені тыл жұмысына қалдырды. Бірақ майданға сұрандым. Анашым, жаным менің! Мен сізге екі дүниеде де алғыс білдіремін. Сізді ешқашан ұмытпаймын. Сіз сияқты ананы табу мүмкін емес. Егер аман болсам, көрісерміз. Сол кезде барлық қиындықты бір сәтте-ақ ұмытасыз. Ал егер ажал құшу бұйырса, оған қылар қайран жоқ. Мен Отан үшін жанымды беруге дайынмын. Көріскенше, анашым! Мен үші алаңдамаңыз. Көршілер мен туыстарға сәлем! Сіздің ұлыңыз Дүйсен», – деп жазылған 1944 жылы 8 қазанда жазылған хатта.
Айжан Қанатованың сөзінше, 1945 жылы оның әжесін қалалық әскери комиссариатқа шақырған. Ешқандай жамандықты сезбеген әйел балаларын өзімен ертіп, айтылған жерге келген. Алайда «Сіздің ұлыңыз ерлікпен қаза тапты» деген сөзді естігенде, сол жерде есінен танып қалады. Содан бері отбасында жаңа дәстүр қалыптасып, жыл сайын 6 мамырда мешітке барып, Дүйсен атаға құран бағыштайтын болған.
Айжан Дүйсенбай Әлжановтың Шығыс Померания майданының бірінші күні – 1945 жылдың 10 ақпанында қаза тапқаны туралы құжатты арада көп жыл өткеннен кейін тауып алған. Ол Померания аумағындағы туыс-бауырластар қабірінде жерленген.
Дүйсен Әлжанов 1945 жылдың 28 қазанында жазған соңғы хатында былай жазыпты: «Құрметті, анашым! Туыстарым! Мен аманмын. Майданда жүрмін. Күндіз-түні шайқас. Тыныштық жоқ. Достарым өліп жатыр… Не боларын білмеймін. Бәрі Жаратқанның құзырында. Егер осы жерде өлу бұйырса, оған не шара. Біз кеңес жерінің әрбір шаршы метрін жаудан босатып жатырмыз. Ендігі неміс жерінде шайқасатын боламыз. Жақында ақша жіберемін. Мен 500 рубль жібергенмін. Алдыңыздар ма? Көріскенше аман-сау тұрыңыздар, туыстарым! Көрісеміз деп үміттенемін. Анашым, жылама. Көршілер мен туыстардың барлығына сәлем айтыңыз. Дүйсен».
Айжан аталған хаттарды тауып алғаннан кейін атасы туралы мәліметтерді көптеп іздей бастаған. Ол Қазақстан тарихы туралы басылымдардың бірінен Дүйсен Әлжановтың «Александр Невский ордені» марапатына ұсынылғанын білген. Ол туралы бұйрыққа 1945 жылдың 6 ақпанында, яғни Дүйсен Әлжановтың өлімінен 4 күн бұрын қол қойылыпты.
Дүйсен Әлжанов ұрпағы мен елінің ашық аспан астында өмір сүруі үшін өмірін құрбан етіп, Ұлы Жеңіс күніне куә бола алмады. Алайда ол туралы естеліктер ұрпағының жадында мәңгі сақталары анық.
Оқи отырыңыз:
Есімімді ағамның құрметіне қойған: Тоқаев соғыста қаза тапқан ағасы туралы айтты
БҚО-да ауылдағы үйлердің бірінің ауласынан зеңбірек оғы табылды
Бүлдіршінге қазақ биін үйреткен қара нәсілді қыз жұртты тәнті етті (видео)
Алматыда жеңгетайлардан қашпақ болып көліктен секіріп кеткен қызға қатысты жаңа деректер пайда болды