Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана полиция қызметкері жол ережесін бұзбаған азаматтарға да айыппұл рәсімдеп отырған

Фото: gov.kz

Астана соты қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланды деп айыпталған 30 жастағы полиция қызметкері Айдана Қалыбайға қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, Айдана Қалыбайдың әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай реестріне кіру мүмкіндігі болған. Ол осы мүмкіндігін пайданаланып жалға берілген автокөліктердің жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдарды қарапайым азаматтарға қайта рәсімдеп отырған. Жәбірленушілердің арасында компаниялардың клиенттері де, құқықбұзушылыққа мүлде қатысы жоқ адамдар да бар.

Мәселен, бір жәбірленуші әйел кездейсоқ Астанадағы камералар бойынша өзіне жол ережесін бұзғаны үшін шамамен бір миллион теңге айыппұл салынғанын білген. Алайда қызығы сол құқықбұзушылықтар тіркелген кезде әйел Павлодарда тұрған.

Тағы бір жәбірленуші шынымен автокөліктерді жалға алған, бірақ кейбір айыппұлдар жәбірленуші уақытша ұстау изоляторында отырған кезде рәсімделген. Яғни жігіт абақтыда отырса да, құжат бойынша Астана жолдарында жылдамдықты асырып жүрген болып көрсетілген.


Көліктің айыппұлдары көрсетілген SMS-хабарламалар жібереді: Прокурорлар азаматтарға ескерту жасады

2026 жылы қазақстандықтар жиі төлейтін айыппұлдар көлемі өседі


Тағы бір жәбірленуші тек бір автокөлікті жалға алса да, оған 25 автокөліктің айыппұлдары тіркелген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеріс жүргізіп, істің артында Айдана Қалыбайдың тұрғанын анықтаған. Тергеу барысында оның негізгі байланысы да анықтады. Полицейге деректерді көліктерді жалға берумен айналысатын компанияның менеджері Данияр Есім жіберіп отырған. Сот олардың WhatsApp желісіндегі хабарламаларын зерттеп, жақын қарым-қатынаста екендерін анықтады.

Сот шешімімен Айдана Қалыбай қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ айыпталушы жалғызбасты ана болғандықтан, жазаны өтеу кейінге қалдырылды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, полицейдің сыбайласы Данияр Есім басқа қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен ұсталған.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 18 Қыркүйек, 2025 22:09
Талқылау