Астанада лифтте балаға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім қоғамнан оқшауланбайтын болды
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Астана лифтінде балаға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімнің ісі бойынша қызметтік тергеу жалғасып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, психикалық ауруы бар балалардың қамқоршылары оларды үнемі бақылауда ұстауға міндетті.
"Қазіргі уақытта біздің психикалық денсаулық қызметіміз сараптама жүргізіп жатыр. Шамамен Бір-екі апта ішінде барлық материалдар дайын болады, сол кезде толық ақпарат бере аламыз. Белгілі бір талаптар бар, соның ішінде психикалық денсаулығына байланысты мүгедектігі бар балалардың қамқоршыларына қатысты. Бұл талаптар олардың тұрақты бақылауды қамтамасыз етуін көздейді. Мұндай балалар үнемі қадағалауда болуы тиіс", – деді Ержан Нұрлыбаев.
Вице-министр баланы ұрған жасөспірімді емдеген дәрігерлер тарапынан ешқандай заң бұзушылық болмағанын мәлімдеді.
"Тағайындалған ем өз әсерін берді. Бұл бірнеше рет баланың ауруханаға жатқызылуы кезінде расталды. Толық әрі нақты ақпаратты қызметтік тергеу аяқталғаннан кейін беремін. Ол (жасөспірім – ред.) оқшаулануға жатпайды. Егер емдеу тиімді болса, ал біз оның тиімділігін бірнеше рет дәлелдедік, ол әлеуметтік ортаға бейімделуі тиіс. Оны оқшаулауға негіз болмайды", – деді Ержан Нұрлыбаев.
Сондай-ақ Нұрлыбаев осындай диагнозы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды стигматизациялаудан сақтауды сұрады.
Қазір баланың бір айға психиатриялық стационарға жатқызылғаны белгілі болды.
"Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына сәйкес, 14 жастағы туған кәмелетке толмаған балаға бір ай мерзімге психиатриялық стационарға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шаралары қолданылды", – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада жасөспірім 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеп тастағаны туралы жазған едік. Кейіннен осы жасөспірімнің лифтте тағы бір қызға шабуыл жасамақ болғаны анықталды. Астана полициясы шабуыл жасаған жасөспірімнің оқшауланатынын хабарлады.