Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана – Қарағанды тасжолында боран салдарынан жаппай жол апаты болды: Бір адам қаза тапты

Фото: Видеодан скрин

Қатты боран мен көріну деңгейінің күрт төмендеуі салдарынан Астана – Қарағанды тасжолында жаппай жол-көлік оқиғасы болды. Қолайсыз ауа райы жағдайында жолда жеті көлік соқтығысқан. Апат салдарынан бір адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жол апаты 10 наурыз күні шамамен сағат 11:00-де Астана – Қарағанды автожолының 147-шақырымында, Қарағанды бағыты бойынша Ошаганды ауылының маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасына ауа райының күрт нашарлауы себеп болған. Сол уақытта трассада төменгі боран күшейіп, желдің екпіні артқан, ал жолдағы көріну деңгейі іс жүзінде нөлге дейін төмендеген.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, соқтығысулар тізбекті түрде болған. Алдымен Chevrolet Nexia мен Chery Tiggo автокөліктері соқтығысқан. Кейін Toyota Land Cruiser көлігі Chery Tiggo-ға соғылған. Одан кейін жол талғамайтын көлікке жүк көлігі келіп соқтығысқан. Бұдан соң апатқа "ҚазАвтоЖолдың" қызметтік пикабы мен УАЗ Hunter көлігі де қатысқан. Жол апаты салдарынан Toyota Land Cruiser көлігінің жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

"Сонымен қатар УАЗ Hunter көлігінің жүргізушісі жарақат алды. Ол ауруханаға жеткізілді, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Диагнозы нақтыланып жатыр", – деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция мәліметінше, барлық көлік жолға қозғалысқа шектеу енгізілгенге дейін шыққан. Шектеу ауа райының күрт нашарлауына байланысты жарияланған. Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері, құтқарушылар және жедел жәрдем бригадалары жұмыс істеп жатыр. Тергеу амалдары жүргізіліп, апаттың барлық мән-жайы анықталуда. Қарағанды облыстық полиция департаменті жүргізушілерді ауа райы жағдайын мұқият бақылап, қозғалысқа шектеу енгізілген кезде қалааралық жолдарға шықпауға шақырды.



Еске салайық, бұған дейін қазақстандық көлік жуу орталығына барып, құны 20 млн теңге тұратын Land Cruiser көлігінен айырылып қалғанын жазған едік. Павлодар тұрғыны 10 қаңтар күні құны 20 миллион теңгеден асатын жол талғамайтын көлігін көлік жуу орнына қалдырған. Сол түні полиция хабарласып, көлікті 18 жастағы жігіт айдап кетіп, әуежай маңында жол апатына ұшыратқанын жеткізген. Салонда тағы үш адам болған. Апаттан кейін көлік толық жарамсыз күйге түскен. Көлік иесінің өкілінің айтуынша, көлік жуу орны жауапкершілікті мойындамай отыр. Қазір іс Қылмыстық кодекстің 200-бабы (ұрлау мақсатынсыз автокөлікті заңсыз иелену) бойынша тергелуде. Шығын көлемін анықтау үшін сот сараптамасы тағайындалған, ал жәбірленуші тараптың тәуелсіз бағалауына сәйкес, шығын 6 миллион теңгеден асады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 16:36