Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Астана халықаралық қаржы орталығы Қазақстанда офшорға айналмауы керек": Жұманғарин бюджеттің 200 миллиард теңге шығынға ұшырағанын айтты

бюджет фрипик

Фото: Ru.freepik.com

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялар салық төлеуден жалтару үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелуді сылтауратып пайдаланбауы керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Салық кодексінде инвестициялар туралы келісімдер бойынша жеңілдіктер алғысы келетін резидент Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелуге тиіс деген норма қарастырылғанын айтты. Бұл талап тек АХҚО-да (Астана халықаралық қаржы орталығы) тіркелумен шектелмейді.

"Біз қанша жыл бойы Астана халықаралық қаржы орталығын үкілеп, оған қанша мүмкіндік беріп келеміз. Ал сіздер бір ғана шешіммен АХҚО-ның инвесторларды тартудағы басты алаң ретіндегі рөлін біршама төмендетіп отырсыздар", – деді Әшімбаев.

Серік Жұманғарин қазір үкіметтің АХҚО басшылығымен талқылауды жоспарлап отырған бірқатар мәселелері бар екенін айтты.

"Біз салықтан айырылып жатырмыз, өйткені АХҚО Қазақстан ішінде қосымша офшорға айналуы мүмкін. Кәсіпорындардың бірі холдинг арқылы өзінің бас кеңсесін сол жерге көшіріп, соның салдарынан біз 200 миллиард теңгеден астам салық – корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын жоғалттық. Бұл – алаңдатарлық үрдіс, сондықтан бұл ілікті жою керек. Қазақстанда жұмыс істейтін, салық төлейтін заңды тұлғалар АХҚО-да бола алады, бірақ сонымен бірге біз салықтан айырылмауымыз керек", – деді премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ Жұманғарин Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысына түбегейлі өзгерістер енгізілмейтінін нақтылады.

"Бұл – ең алдымен іспен айналысуға ыңғайлы юрисдикция. Көп адамға ағылшын құқығы ұнайды, ол тұрақтылықты қамтамасыз етеді, ең бастысы – бұл сенім", – деді Серік Жұманғарин.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 23 Маусым, 2025 15:54
Талқылау