Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Астана – Ақтау бағытындағы ұшақта бортсерікке шабуылдаған жолаушы 55 мың теңге айыппұлмен құтылды

Фото: SCAT Airlines

Scat әуе компаниясының Астана – Ақтау бағытындағы рейсі кезінде бортсерікті соққыға жыққан жолаушы сотта айыппұлмен құтылды. Бұл туралы Stan.kz порталы хабарлайды.

Құқықтық тәртіп қызметкерлері әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама жасап, жолаушының іс-әрекетін ұсақ бұзақылық ретінде саралады.

Сот отырысы барысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шын жүректен өкініш білдірді. Ол сондай-ақ асырауындағы бес баланың бар екендігі туралы хабарлады. Сондықтан соттан әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады. Оның кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен және түсіндірмелерімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және істің өзге де материалдарымен расталды.

Сот жазаны тағайындау кезінде жауапкершілікті жеңілдететін жағдайлар, кінәні толық мойындау, шын жүректен өкіну және 5 баланың асырауында болуын ескерді. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. 



"Сот қаулысымен әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 55 048 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот жеңілдететін мән-жайларды назарға ала отырып, 829-11-баптың 2-тармағы негізінде айыппұл мөлшерін 30%-ға қысқартты", - деп хабарлады Ақтау қаласының әкімшілік бұзушылықтар туралы істер жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Астана – Ақтау бағытындағы ұшақта жолаушы жолсерікті соққыға жыққаны туралы хабарлаған едік. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 10:24
Талқылау