Астана әкімдігі 176 миллион теңгеге сатылған жер телімін 1 миллиард теңгеге қайта сатып алған – Депутат
Фото: instagram.com/askar_smagulov
Астана мәслихатының кезекті сессиясында қаладағы "Керуен" сауда үйінің жанындағы саябаққа қатысты дау шықты. Мәслихат депутаты Асқар Смағұлов саябақ салынған аумақты сату-сатып алу аукционының заңдылығына күмән келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанадағы "Керуен" сауда үйінің жанындағы көптен бері қаңырап бос жатқан аумаққа таяуда саябақ салынған. Алайда жер телімі бұрын жеке тұлғаға сатылып, кейін 5 есе қымбат бағаға қайта сатып алынғаны белгілі болды.
"Бұл жер пайдаланылмағандықтан 2022 жылы қалаға қайтарылған. 2023 жылы аукцион арқылы сатылады. 4 айдан кейін жекеменшіктен қайтарып алатыны бар, онда аукцион арқылы сатудың не қажеті бар еді? Енді қараңыз, аукционда оны 176 миллион теңгеге сатамыз да, 1 миллиард теңгеден астам сомаға қайта сатып аламыз.
Логика қайда? Оған дейін 4 ай бұрын саябақ салатындарыңызды білмедіңіздер ме? Мен Бас прокуратураға арызданамын – аукционның заңдылығын, 4 ай бұрын мемлекеттік мүлікті сатудың қандай қажеттілігі болғанын тексерсін. Менің ойымша, бұл инсайдерлік ақпаратты пайдалану", –деп мәлімдеді мәслихат депутаты Асқар Смағұлов.
Астана әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов аукцион кезінде саябақ салу жоспары болмағанын айтты. Оның сөзінше, жер телімі жеке меншікке өткенде, жергілікті тұрғындар шағын жер теліміне тұрғын үй кешені немесе басқа нысан салынады деп қауіптенген, сондықтан жерді қайта сатып алып, саябақ салған.
Депутат Владислав Сергеев бұған қарсы уәж айтты. Оның айтуынша, тұрғындар осыдан үш жыл бұрын саябақ салып беруді сұраған. Бұған жауап ретінде әкім орынбасары осы мәселе бойынша депутаттардың жеке отырысын өткізуді ұсынды.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
