Астанада 2-сынып оқушылары сыныптастарын жаңа келген қыздан қызғанып, буллинг жасаған

Астанадағы мектептердің бірінде екінші сыныпта оқитын қыздар сыныпқа жаңадан келген оқушы қызды ұнатпай, буллинг жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілетем жасап хабарлайды.
Сыныпқа жаңадан келген қыз балаға сыныстас қыздары WhatsApp мессенджерінде топтық чат құрып, ауыр қорлау мен қоқан-лоқыға толы хабарламалар жазған. Бұл хабарламаларды көрген жәбірленуші қыздың анасы әлеуметтік желіде дабыл қақты.
Оқиға мектепке жаңа оқушының келуімен басталған. Қыз бала көру қабілетінің әлсіздігіне байланысты бірінші партаға, сыныптағы бір ұл баланың жанына отырғызылған. Алайда осы жағдайдан кейін сыныптағы кейбір қыздар жаңа оқушыны ұнатпай, сыныптастарын "қызғана" бастаған.
Әлеуметтік желіде тараған хат алмасу скриншоттарынан екінші сынып оқушылары түнгі уақытта жәбірленуші қызға “жек көремін”, “өлтіреміз”, “қабірден көргіміз келеді” сияқты ауыр сөздер жазғанын көруге болады.
Зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, қызының мектепте өзін жайсыз сезінетінін байқаған, алайда оны жаңа ортаға бейімделу кезеңімен байланыстырған. Сондай-ақ әйел қызының мінезі тыныш әрі тұйық екенін айтты. Анасы қорқыту мен қудалау тек онлайн ғана емес, мектеп ішінде де болуы мүмкін деген пікірде.
“Олар қызымның атын атап, не істегісі келетінін жазған. Ол сөздерді дауыстап айтуға да қорқамын, өте қорқынышты. Ешкім мұның екінші сынып екенін қабылдағысы келмейді, бірақ бұл шынымен де екінші сынып оқушылары", – дейді қыздың анасы Лилия Каирбекова.
Анасының айтуынша, оның қызы бұл чатта болмаған. Топта үш қыз және бір ұл болған, ал чаттағы жазбаларды байқаған ұл баланың анасы скриншоттарды сақтап, Лилия Каирбековаға хабарлаған. Осыдан кейін ол 111 қызметіне, инспекторға жүгініп, мәселені ашық көтерген. Алайда ата-аналар жиналысында кейбір ата-аналар керісінше өзін кінәлай бастаған.
Лилия Каирбекова қызы мектепте бұған дейін де қысым көріп жүргенін кейін білгенін айтады.
"Мен оған “Қызым, ештеңені жасырма, мектепте ешкімнен қорықпа” дедім. Сонда ол асханаға бара жатқанда, дене шынықтыру сабағында, дәлізде өзін “егеуқұйрық” деп атағанын, бет-әлпетіне тиісетінін айтты. Бұл мектепте буллинг болғанының дәлелі. Тек ол жағдай ашылып, әлеуметтік желілерде талқыланғаннан кейін ғана белгілі болды", – дейді анасы.
Астана қаласының білім басқармасы желідегі дауға қатысты пікір білдірді. Басқарманың мәліметінше, сыныптастарына буллинг жасаған 2-сынып оқушыларының ата-аналары жауапкершілікке тартылған.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ата-аналарға әкімшілік айыппұл салынды", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін жылдық ақысы 25 мың доллар болатын алматылық мектепте буллингке ұшыраған қыз суицид жасамақ болғаны туралы жазған едік.
Өмірі ауруханаға бармаған 100 жастағы ата ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты