Құлыбаевқа тиесілі Қапшағай жағалауындағы жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды
Фото: Новое Телевидение
Алматы облыстық соты Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында орналасқан үш жер телімін мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды. Шешім 2025 жылғы 21 мамырда шығарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қонаев қаласының прокуроры сотқа жүгініп, аталған үш жер телімі бойынша жасалған барлық мәмілені заңсыз деп тануды талап етті. Прокурордың айтуынша, бұл телімдер су қорғау аймағында орналасқан және олар уақытша жер пайдалану құқығымен ғана берілуге тиіс.
Биыл ақпанда сот прокурордың талабын қанағаттандырмай тастаған еді. Себебі жерлер жекеменшікке берілген кезде су қорғау аймақтарының нақты өлшемдері әлі бекітілмеген еді. Алайда мамыр айының соңында Алматы облыстық соты бұл шешімді жоққа шығарып, барлық мәмілені жарамсыз деп танып, жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруға үкім етті.
Сот бұрынғы жер иеленушілердің барлығы Тимур Құлыбаевтың әкесі Аскар Құлыбаевпен байланысты болғанын анықтады. Бірінші телімді 2004 жылы Қапшағай қаласының сол кездегі әкімі Сергей Зеленский Қадыр Әлімбаевтың жекеменшігіне берген. 2006 жылы ол "Тамыз-Ка" ЖШС компаниясына сатылған, ал бұл компания Асқар Құлыбаевтың немересі Бексұлтан мен келіні Найла Құлыбаеваларға тиесілі болған.
Сол жылы көршілес бір жер телімі "Жібек жолы – Қазақстан" ЖШС ұлттық компаниясына берілген. 2006 жылғы қаңтарда ол "Трансхлеб" ЖШС компаниясына өткен, оның құрылтайшылары – Асқар және Бексұлтан Құлыбаевтар. Кейін бұл телім де "Тамыз-Ка" ЖШС компаниясының меншігіне өткен.
2006 жылғы маусымда тағы бір көршілес жер телімі сол "Жібек жолы – Қазақстан" компаниясына берілген, сол кезде Аскар Құлыбаев оның президенті болған. Қыркүйекте бұл телім де "Тамыз-Ка" ЖШС компаниясына сатылған.
"2016 жылғы 8 қыркүйекте "Тамыз-Ка" ЖШС аталған жер телімдерін Аскар Алтынбекұлы Құлыбаевқа сатқан", – делінген сот қаулысында.
Сот бұл мәмілелердің "адал меншікке иелік етудің көрінісін жасау үшін ғана жасалғанын" мәлімдеді.
Аталған үш жер телімінің бірі бойынша Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы берген келісімде бұл телім су қорына жататын жерлер санатына кіретіні және жеке не заңды тұлғаларға тек уақытша жер пайдалану құқығымен ғана берілетіні нақты көрсетілген. Тағы бір жер теліміне қатысты – сол инспекция "Жібек жолы – Қазақстан" ұлттық компаниясы үшін базаны 480 метрден жоғары, яғни су қорғау аймағынан тыс солтүстік-батыс бөлікте орналастыруға келісім берген. Ал үшінші телім бойынша ешқандай келісім алынбаған.
"Жер телімдері берілген сәтте олардың су қорғау аймағында орналасқаны және су қоры жерлеріне жататыны анық еді", – делінген сот алқасының қаулысында.
Апелляциялық сот инстанциясы прокурордың талаптарын орынды деп таныды. Прокурор барлық жер теліміне қатысты сатып алу-сату келісімшарттарын жарамсыз деп тануды талап еткен. Себебі Қапшағай қаласының әкімі бұл жерлерді Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының қорытындысына қайшы түрде жекеменшікке берген. Сондай-ақ сот бұл телімдердің нақты адамдарға, сауда-саттықсыз берілгенін анықтады, бұл сол кезде қолданыста болған Жер кодексінің талабын бұзған.
Соттың көшпелі отырысы кезінде бір жер телімінде мүлік кешені орналасқаны анықталды: онда демалыс базасы, тұрғын үй, жылу қондырғысы, қызметкерлер мен күзетшілер үйі, гараж және монша бар. Қалған екі телім оған жапсарлас орналасқан, онда құрылыс нысандары жоқ, бірақ жасыл желектер отырғызылған.
Сот қаулысы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді. Оны алты ай ішінде кассациялық тәртіппен даулауға болады.
Алматы әкімдігі "Атакентте" тұрғын үй кешенін салмақ болған жерді қайтарып алады
Астанада Кенесары ханның ескерткіші қайта орнатылды
Еске салайық, бұған дейін Тимур Құлыбаевтың компаниясынан Орал жағалауындағы жер учаскесі тәркіленгенін жазған едік. Осыған байланысты, Атырау облысының Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа жүгініп, жерді мемлекетке қайтаруды сұрайды. 2024 жылы 7 маусымда сот талап арызды қанағаттандырып, 0,3046 га жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.

"Есік-терезе жақтаулары бүлінген, едені тесік": Алматылық RAMS Qazaqstan-нан 85 миллион теңгеге алған пәтеріне шағымданды
