Асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін төлем: Нені білген жөн?
Елімізде асыраушысынан айырылған отбасыға мемлекет көмек көрсетеді. Десек те көп жағдайда тұрғындар әлеуметтік жәрдемақы рәсімдеуде біраз қиыншылықтарға тап болып жатады. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі аталған әлеуметтік көмекті алатын азаматтарды мазалайтын басты сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді кімдер ала алады
Асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекеттен тағайындалатын әлеуметтік төлемдерге Қазақстан азаматтарынан бөлек, елімізде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да құқылы. Егер ол бірнеше мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы болса, (мүгедектігі, жасы және т.б.), онда мемлекеттен тек бір ғана жәрдемақы тағайындалады.
Асыраушысынан айырылғандарға арналған жәрдемақы тағайындалады:
- балаларға (асырап алынған балаларын, өгей балаларын және өгей қыздарын қосқанда), қайтыс болған асыраушыдан бөлек еңбекке жарамды туысы жоқ, он сегіз жасқа толмай мүгедек болып қалған ағалары, апа-сіңлілері мен немерелеріне, алмиент алмайтын өгей балаларына;
- зейнетке шыққан әкесі, шешесі (асырап алушыларды қоса алғанда), әйелі, күйеуіне;
- қайтыс болған асыраушының сегіз жасқа толмаған баласын бағатын еңбекке жарамды ағасына, әпкесіне, ата-анасы немесе ата-әжесіне;
- күнкөріске жеткілікті қаражаты жоқ зейнетке шыққан атасы мен әжесіне.
Айта кетейік, асыраушысынан айырылған кәмелет жасына толмаған бала жәрдемақы алу құқығын басқа біреулер асырап алған жағдайда да сақтайды. Бұған қоса, колледждер мен университеттерде оқитын отбасы мүшелері 23 жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлем алуға құқылы. Ал ата-анасынан айырлған бала үшін жәрдемақы оның ресми өкіліне беріледі.
Асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем кімге және қалай төленеді
Әлеуметтік төлем мөлшері отбасы мүшелерiнiң санына қарай тиiсiнше ұлғайтылады немесе азайтылады. Және отбасы мүшелерінің саны өзгерген жағдайда есептеу қайта жасалады. Асыраушылардың яғни ата-ананың екеуі де қайтыс болған жағдайда, төлем оның балаларын асырап алушыға (қорғаншы) төленедi.
Жәрдемақы көлемі
Асыраушысынан айырылғандарға ай сайынғы жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес тағайындалады:
- еңбекке жарамсыз бір отбасы мүшесі үшін 0,86 күнкөріс шегі (2021 жылы 29 499,7 теңге);
- еңбекке жарамсыз екі отбасы мүшесі үшін 1,49 күнкөріс шегі (2021 жылы 51 110 теңге);
- еңбекке жарамсыз үш отбасы мүшесі үшін 1,85 күнкөріс шегі (2021 жылы 63 458,7 теңге);
- еңбекке жарамсыз төрт отбасы мүшесі үшін 1,96 күнкөріс шегі (2021 жылы 67 231,9 теңге);
- еңбекке жарамсыз бес отбасы мүшесі үшін 2,03 күнкөріс шегі (2021 жылы 69 633,1 теңге);
- еңбекке жарамсыз алты не одан көп отбасы мүшесі үшін 2,11 күнкөріс шегі (2021 жылы 72 377,2 теңге).
Ата-анасынан айырылыған жағдайда, ай сайынғы жәрдемақы әр балаға 1,18 күнкөріс шегі (2021 жылы 40 476,4 теңге) мөлшерінде, қалған отбасының еңбекке жарамсыз мүшелеріне - 0,54 күнкөріс шегі ( 2021 жылы 18 523,1 теңге) мөлшерінде тағайындалады. Отбасының барлық еңбекке жарамсыз мүшелеріне тағайындалатын жәрдемақы мөлшері 2,56 күнкөріс шегінен (2021 жылға 87 813,1 теңге) аспайды.
Әлеуметтік төлемге өтініш беру үшін қандай құжаттар керек
- жеке басты куәландыратын құжат (жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты) немесе қандас мәртебесі бар адамдар үшін қандас куәлігі - жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі;
- Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін - Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы;
- асыраушының қайтыс болғаны туралы куәлік немесе адамды хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы соттың шешімі («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының маманы «АХАТ» ақпараттық жүйесі» арқылы сұратады);
- қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) адаммен туыстық қатынастарды растайтын құжаттар, баланың (балалардың) туу туралы мәліметтері, қайтыс болған асыраушының консулдық легализациясы не арнайы штампы (апостилы) болған кезде шет мемлекеттердің құзырлы органдары берген баланың Қазақстан Республикасынан тыс жерде тууын тіркеу туралы және неке (ерлі-зайыптылық) және некені бұзу туралы, асырап алу туралы, әке (ана) болуды белгілеу туралы куәліктер;
- он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейінгі отбасы мүшелерінің білім алатыны немесе күндізгі оқу нысанында білім алатыны туралы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан алынған анықтамалар (жыл сайын жаңартылады);
- қамқоршы немесе қорғаншы белгілеу туралы құжат;
- қайта куәландыру жүргізілгені және мүгедектік тобы белгіленгені (18 жасқа толмаған және осы жастан үлкен балалар, оның ішінде асырап алған аға-інілері, қарындастары және немерелері бала кезінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер деп танылған) туралы («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының маманы «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» ақпараттық жүйесі» арқылы сұратады).
- банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі.
Әлеуметтік төлемді қанша уақыт ішінде өтініш беруге болады
Төлемді тағайындауға өтініш жасау мерзімі он сегiз жасқа толғанға дейiн мүгедек болып қалған адамдарды қоспағанда, әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш жасалған күнге қайтыс болған (сот хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған балаларының, оның iшiнде асырап алған балаларының, аға-інілерінің, апа-сіңлілерінің (қарындастарының) және немерелерінің жиырма үш жасқа толу мерзімінен аспауы тиіс.
Әлеуметтік төлем алу үшін қайда жүгіну керек және қанша уақыт ішінде тағайындалады
Тұрғылықты жердегі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне немесе қызмет алушының мобильді телефоны электронды үкімет порталына тіркелген жағдайда «Е-макет» ААЖ арқылы sms- хабарлама жолымен қызмет алушының келісімін алған жағдайда 3 күнтізбелік күн ішінде проактивті қызмет көрсетіледі. Тағайындау мерзімі өтініш беруші мемлекеттік корпорацияға барлық қажетті құжаттармен тіркелген күннен және өтініш берушінің мобильді телефоннан sms- хабарлама жолымен проактивті қызмет арқылы әлеуметтік төлемді тағайындауға келісім алған күннен бастап сегіз жұмыс күнінен аспайды.
Бала күнінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған адамдарға асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем қалай төленеді
Медициналық-әлеуметтік сараптама куәлігі берілген соң әлеуметтік төлем алуға өтініш беруге болады.
Асыраушысынан айырылуы жағдайына байланысты берілетін әлеуметтік төлем қашан және қандай жағдайда тоқтатылады
- алушының қайтыс болуына (соттың хабарсыз кеттi деп тануына немесе қайтыс болды деп жариялауына);
- алушының әлеуметтік төлемдерді негізсіз тағайындауға әкелген дәйексіз құжаттар (мәліметтер) бергені туралы. Бұл ретте әлеуметтік төлем оны тағайындаған күннен бастап тоқтатылады.
- әлеуметтік төлемді тоқтатуға өтініш беруіне байланысты. Бұл ретте әлеуметтік төлем өтініш берген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.
- қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады және қайтыс болған айды қоса алғанда жүзеге асырылады;
- он сегіз жастан асқан алушының (асырауындағының) білім беру ұйымынан шығарылуына немесе оның сырттай оқу нысанына ауысуына байланысты тоқтатылады және алушының (асырауындағының) оқудан шығарылғаны немесе сырттай оқу нысанына ауысқаны туралы мәліметтер алынған, оның ішінде АЖ-дардан алынған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап;
- қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамның мүгедектігі белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап;
- қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адам (он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болған адамдарды қоспағанда) – он сегіз жасқа, ал көрсетілген адам жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқып жатқан жағдайда жиырма үш жасқа толған күннен бастап.