Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Асфальт қайда?": Жұртты күлдірген оқушы Алматы облысында тұратын музыкант болып шықты

Желіде Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің оқушысы Далабек Әбілмансұрдың Белгиядағы халықаралық байқаудан келіп, ауылдағы үйінің алдында "Асфальт қайда?" деп сұраған видеосы тарады. Оқушы жақында Бельгияның Монс қаласында өткен Accordéons-nous.org Халықаралық байқауына қатысып, “Классика” категориясында 1-орын, “Senior Variete” категориясында 2-орын алып келді. Stan.kz ақпарат агенттігі Әбілмансұрдың ұстазы Ғалымжан Маратұлымен сұхбаттасып, баланың талабы мен әкімдіктің бұл видеоға реакциясын білді.

Коллаж: Stan.kzКоллаж: Stan.kz. Фотолар жеке архивінен

Халықаралық байқаудан жүлде алып келген Далабек Әбілмансұр – Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектеп-интернатының 8”Ә” сынып оқушысы. Олар байқауға 4 оқушы болып барған. Барлығы – халық аспаптар бөлімінің ұстазы Ғалымжан Маратұлының шәкірттері.

"Ахмет Қуанұлының арманы тағы бір мәрте орындалған сәт! Мектебіміздің ғана емес еліміздің атын бүкіл әлемге тағы бір мәрте паш еткен виртуоз оқушыларымыз бен Ғалымжан Маратұлын мектеп ұжымының атынан шын жүректен құттықтаймыз!" – деп жазды Ахмет Жұбанов атындағы РҚМММИ.

Баянист отбасымен Іргелі ауылдық округінде тұрады. Анасы Жаңылсын Таушова өнерлі баласын кезекті жарыстан шашу шашып күтіп алған сәтті видеоға түсірген. Видеода Мансұр "Мен халықаралық байқаудан 1-орын алып келдім ғой, асфальт қайда?" деп анасын күлдірді. Бұл видео желіде кең тарап кетті. Көпшілік “Спортқа ғана емес, мәдениетке де көңіл бөлсін, асфальт төсеп беріңдер” деп жазып жатыр.

"Шашу шашайын деп алдынан жүгіріп шықсам, "Мен келе жатыр деп көшеге асфальт төсемеген бе?" деп балам бір күлдірді-ау. Асфальт салып беріңіздер, әкімдік. Спортты ғана емес, мәдениетті де қолдау керек", – деп жазды жеңімпаздың анасы Жаңылсын Таушова Instagram-дағы парақшасында.

 

Stan.kz ақпарат агенттігі өнерлі баланың оқытушысы, халық аспаптар бөлімінің ұстазы Ғалымжан Маратұлымен әңгімелесті. Ол Әбілмансұрдың жарысқа қалай дайындалғанын айтып берді.

“Жалпы Accordéons-nous.org – жоғары дәрежедегі жарыс, халықаралық байқау. Бұл байқаудан көп жас музыканттар шабыт алады, бүкіл әлемнен келген өзімен жасты қатысушыларды көріп, тыңдайды, содан өседі. Оның үстіне басқа мемлекеттің адамдарымен танысып, жаңа таныстық құрады, жоғары деңгейді көреді. Әбілмансұр 1-cыныптан бастап оқушым. Әкесі ол мектепке келмей тұрғанда "5-6 жылдан соң балам өскенде саған алып келемін" деп айтқан. Олай айтатын ата-ана көп болғасын, бұл сөзіне сол кезде онша мән бермедім. Ал ата-анасы бірнеше жылдан соң Мансұрды 1-сыныпқа алып келді, содан бері дайындала бастадық”, – дейді ол.

Мансұр бұған дейін көптеген байқауларға, оның ішінде Ұлыбритания, Италия, Франциядағы халықаралық байқауларға қатысқан.

“Осы жарыстың алдында өзінің қатысуға деген құлшынысы өте жоғары болды. Ағай, мен дайындаламын, барайыншы. Әкеме айттым, олар қолдады" деп жанып тұрды. Сосын екеуміз жақсылап тұрып дайындалғаннан кейін осындай нәтижеге жетіп отыр. Екі номинацияда өнер көрсетті. Оның ішінде “Классика” – өзімізге керек, ең ерекше номинациямыз. Ал екінші Senior Variete номинациясында тыңдарманға жеңіл қабылданатын, жағымды шығарма орындады”, – дейді Ғалымжан Маратұлы.

Фото Ғалымжан Маратұлының жеке архивіненФото Ғалымжан Маратұлының жеке архивінен

Әбілмансұрдың ұстазы "Асфальт қайда?" деген видеоны көріп, әбден күлгенін айтты. Әлі де көріп, күліп аламын дейді.

"Видеоны өте қызық етіп, әзілдеп жасапты. Бала ғой, көргенін, білгенін айтып тұр. Спортсменіміз келгенде көшесіне асфальт төсегенін біліп тұр. Оқушымның тұратын жерін білемін, ол жерде асфальт төселмеген. Автобустан түсіп 100 метрдей жаяу қара жолмен барады”, – деді жеңімпаз оқушының ұстазы.

Айта кетейік, оқушының "Асфальт қайда?" сөзі Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың оқиғасына ирониялық сілтеме болды. Спортшының жеңісінен кейін жергілікті билік Жамбыл облысындағы үйінің жанына тез арада асфальт төсеген еді.

Осы видеода көрсетілген Іргелі ауылдық округі қарайтын Алматы облысының әкімдігінен де пікір сұрадық. Әкімдік сауалымызға жауап бермеді.

Талқылау