Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған "Азия-Авто" компаниясының экс-басшылары Балушкин мен Сағымбаевқа сот үкімі шықты
Өскеменде сот "Азия-Авто" компаниясының бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевқа (екеуі де Ресей Федерациясының азаматтары) үкім шығарды. Сотталушылар сот залында болмағанына қарамастан оларға сырттай үкім шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: “Азия Авто”
Мәліметтерге сенсек, Анатолий Балушкин Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес (Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық) кінәлі деп танылды. Оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және 10 жыл коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруына тыйым салу, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде өтеу туралы үкім шығарылды.
"Ерік Сағымбаев Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық), 245-бабының 3-бөлігі (Аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтару) бойынша кінәлі деп танылды. Сағымбаевты 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде өтеуге тиіс", – делінген хабарламада.
Сот жәбірленуші өкілінің (Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арызын қанағаттандырудан бас тартты. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда "Бюджеттен 230 миллиард теңге жымқырды" деген күдікпен іздеуде жүрген кәсіпкер Анатолий Балушкиннің екі ресейлік компаниясы өткен жылы кірісін он есе арттырғанын жазған едік. Компаниялар соғысқа қажет құрал-жабдықтар мен әскери техника шығарумен шұғылданады. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Балушкин өз бизнесін әскери қажеттіліктер өндіретін компания ретінде өзгерткен. Украина әскері екі компания шығарған көліктердің бірнешеуін жойып үлгерді. Кейін тергеу мәліметтері бойынша Балушкин мен Сағымбаев банк несиелері мен бюджетке салық төлеуден жалтарып, қаржыны өздері жымқырған. Жалпы сома 230 миллиард теңгеге қатысты іс тергеліп жатыр. Бұл қаражат негізінде өндірісті 50% оқшаулау дәрежесімен автокөліктерді өнеркәсіптік құрастыру зауытын салуға арналған.