Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арзан айфон әкеліп беремін": Түркістан облысының тұрғыны жерлестерін 18 миллион теңгеге алдап кеткен

Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны алаяқтықпен айналысып, адамдарды 18 миллион теңгеге алдап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: news.1777.ru

Түлкібас аудандық сотының мәліметінше, әйел тұрғындарды Түркиядан арзан бағаға айфон әкеліп беремін деп алдаған. 

"2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың ақпан айы аралығында сотталушы Т. оңай жолмен ақша табу мақсатында алаяқтық, яғни алдау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау түрінде бірнеше қылмыс жасаған. Ол Түркиядан Қазақстанға көтерме бағамен 240 мың теңге тұратын "Айфон 15" ұялы телефондарын әкеліп, қомақты ақша тапқанын айтқан. Сондай-ақ жәбірленушілерге ұялы телефондарды әкеліп сатуға көмектесетінін айттып, сенімдеріне кірген”, – делінген сот хабарламасында. 

Әйелге сенген тұрғындар ақша табу үшін инвестиция салған. Нәтижесінде олар алаяққа 18 миллион теңгеден астам ақша берген. Қомақты қаржыны иемденген әйел, ізім-ғайым жоғалған. Сосын тұрғындар полицияға хабарласыпты. 

"Сот үкімімен сотталушы Т., кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы талаптар қанағаттандырылды", – делінген сот хабарламасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Алаяқ қазақстандықтардың логині мен құпиясөздерін Telegram арқылы 5 мың теңгеге сатқаны туралы жазған едік.и 

Талқылау