Шенеуніктер ArtSport жобасы мен Азиадаға бөлінген 746 миллион теңгені жымқырды деп айыпталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласындағы заңбұзушылықтар жөнінде деректер ұсынды. Баспасөз мәслихаты барысында агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаров ArtSport жобасын іске асыру барысында және 2023 жылы өткен Азиада ойындары кезінде 746 миллион теңгенің жымқырылғаны анықталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Данияр Бигайдаровтың сөзінше, спорт саласында 2024 жылдың басынан бері 59 қылмыстық іс тіркелген. Ал келген шығын көлемі – 1,3 миллиард теңге.
“Атап айтқанда, Туризм және спорт министрлігінің "Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК бұрынғы директорына, оның орынбасарына және басқа адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Олар "Artsport" бағдарламасымен балаларды оқыту бойынша қызметтер көрсету шеңберінде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктеліп отыр. Сонымен қатар "Азия ойындары – 2023" спортшыларының жабдықтарын, спорттық қызметтерді, спорттық жабдықтарды сатып алуға және іссапар шығынын өтеуге бөлінген бюджет қаржысын иеленудің қосымша эпизодтары белгілі болды. Көрсетілген фактілер бойынша келтірілген залалдың жалпы сомасы 746 млн теңге”, – деді Бигайдаров.
Антикор мәліметіне сәйкес, Атырау облысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты тергеуді аяқтаған. Ол спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына шығуын ұйымдастыруға бюджет қаражатын бөлгені үшін олимпиадалық резервті даярлау ведомстволық бағынысты орталығының жаттықтырушысынан 1,7 млн теңге сомасында пара алды деп айыпталған.
Айта кетейік, бұған дейін Антикор Іле ауданының әкіміне қандай айып тағылғанын айтқан еді.