Арсен Томский Михаил Шайдоровтың әкесіне су жаңа Audi сыйлады

ІnDrive компаниясының басшысы Арсен Томский өзінің Instagram парақшасында Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесіне автокөлік сыйлайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Арсен Томский 2025 жылы Қазақстанның 75 ең бай бизнесмендері рейтингі бойынша 11-орында, Қазақстанның 50 ең ықпалды бизнесмендері рейтингі бойынша 21-орында тұр.
“Өз еліңмен мақтану – шын мәнінде керемет әрі тамаша сезім. Осындай мақтаныш пен қуаныш сыйлағаны үшін Михаилға рахмет. Ғажап, нағыз ерекше стильдегі, керемет шабыттандыратын олимпиадалық алтын жеңіс. Шексіз құрмет пен алғыстың белгісі ретінде мен бұл жетістіктің бастауында тұрған адамға сыйлық жасағым келеді. Чемпионның әкесі – Станислав Александровичке Audi Q8 сыйлаймын. Бұл – менің жеке сыйым және барлық қазақстандықтардың сыйлығы”, – деп жазды Арсен Томский.
Арсен Томский спортшының әкесін Олимпиададағы жеңістің ең негізгі адамдардың бірі деп есептейтінін атап өтті.
“Станислав Александрович Михаилдың алғашқы бапкері ғана емес, ол бір кездері ұлының арманы үшін өз көлігін сатқан. Бүгін сол арман орындалды. Бұл автокөлік біздің ортақ алғысымыздың символы болсын. Audi дөңгелектері әрдайым отбасыңызға осы ұлы олимпиада жеңісін еске түсірсін! Михаилды құттықтаймын және оған жаңа жеңістер тілеймін! Барлық қазақстандықтарды да құттықтаймын”, – делінген жазбада.
Бұған дейін Димаш Құдайберген мәнерлеп сырғанаушы Шайдоровқа көлік сыйлайтынын айтқан еді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты